2024 жылғы 11 айдағы тұтынушылардыңөтініштерін қарау қорытындысы

Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті  2024 жылғы  қаңтар-қараша айларында 1224 тұтынушылар өтінішін қарады. Оның ішінде, бөлшек сауда бойынша – 503 өтініш, электрондық сауда – 257 өтініш, тұрмыстық қызметтер саласында – 179 өтініш, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында – 92 өтініш, байланыс саласында – 41 өтініш, медициналық қызметтер бойынша – 27 өтініш түсті. Қоғамдық тамақтану, туризм, көлік қызметтері, қаржы және білім беру салаларында 125 өтініш тіркелді.

Департамент өз өкілеттіктері шегінде тұтынушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге немесе қорғауға бағытталған түрлі шаралар қабылдады. Ағымдағы жылдың 11 айында түскен 1224 өтініштің 666-сы оң шешімін тапты, тұтынушыларға 122,5 млн. теңге сомасында ақшалай қаражат қайтарылды. Мәселенің оң шешілуіне байланысты тұтынушылардың өздері 54 өтінішті кері қайтарып алды. Сонымен қатар, 309 өтініш берушіге заңға түсініктеме беру туралы өтініш қанағаттандырылды.

Заңға сәйкес әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде тұтынушылардың өтініштерін қарайды. Ағымдағы жылдың 11 айында Департамент тиісті мемлекеттік органдардың қарауына 177 өтініш жолдады. Бұл өтініштер сатып алынған тауарларға сәйкестік сертификатының болмауына, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы бұзушылықтарға, қаржы, медициналық, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер және туристік қызмет саласындағы мәселелерге, сондай-ақ салық заңнамасын бұзушылықтарға қатысты болды. Тұтынушылардың электрондық саудаға қатысты өтініштері сатушылар мен қызмет көрсетушілерді тіркеу орны бойынша басқа өңірлердің аумақтық департаменттеріне жіберілді.

Департамент «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 5-бабының 8) тармағына сәйкес, егер бір мәселе бойынша оннан астам тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылса, тұтынушылардың белгіленбеген тобының құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сотқа жүгінуге уәкілетті.

Тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайды сотта қарау кезінде Департамент үшінші тарап ретінде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысады. 2024 жылдың 11 айында Департамент 46 сот отырысына қатысты, соның нәтижесінде тұтынушыларға сот шешімі бойынша 70,0 млн. теңге қайтарылды. Сот шығындары мен моральдық зиян да өтелді. Бүгінгі таңда  8 сот отырысы өтіп жатыр.

Облыс азаматтары тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мәселелер бойынша Департаментке келесі мекенжай бойынша жүгіне алады: Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, 25. Байланыс телефондары: 54-81-20, 54-81-26, 54-46-49.

Ақтөбе облысы бойынша сауда және

тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.