Фортепиано әлеміне жетелеуші ұстаз

Баланың ой өрісінің қалыптасуы күрделі процесс. Ал, білім берумен қоса баланың шығармашылық қабілетімен де қатар дамытатын ұтымды тағы бір жол үйірме екені белгілі. Осындай балалардың ашылмаған сан қырлы талантын ашуға септігін тигізіп жүрген, өнерлі өренге білім беретін жандардың бірі – Қаспақова Майра Жангирейқызы.

 

1 қазан – халықаралық музыка күні. Ал, 5-ші қазан ұстаздар күні. Осынау қос кәсіби мерекеге орай Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебіндегі аспаптардың королі – фортепиано класының мұғалімі Майра апаймен сұхбаттасқан едік.

— Майра Жангирейқызы, әңгімемізді сіздің фортепианоға деген қызығушылығыңыз қалай пайда болғанынан бастасақ.

— Өзім Мәртөк ауданына қарасты Қаратоғай ауылында туып, өстім. Аспапқа деген қызығушылығым сол бала кезімнен басталды. Өскен жерім Қаратоғай ауылындағы мектепте бастауыш сынып оқып жүрген кезімде, қазіргі Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебі филиалының үйірмелері болатын. Сол кездері фортепианоны көріп, аспапқа қызығушылығым біртіндеп пайда болды. Сөйтіп, үйірмеге жазылдым. Жақсы ұстаз жолықты. Бұл бағытта жолым болды. Менің алғашқы ұстазым Смоляр Татьяна Федоровна фортепианоға деген махаббатымды оятты. 7 жыл оқып тәмәмдадым. Содан кейін 1988-1992 жылдар аралығында Ақтөбе педагогикалық училищесінің  музыка бөлімінде «фортепиано» аспабы бойынша оқыдым. Оқу бітіріп, сол оқуымды жалғастырып Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің сырттай оқу бөліміне түстім.

— Мұғалім болған алғашқы күндеріңіз туралы айтып өтсеңіз?

— Ең алғашқы жұмысым Қаратоғай ауылындағы «Колосок» балабақшасында музыка жеткешісі болып басталған еді. Сол кезде Татьяна Федоровна декреттік демалысқа шығып, оның орнына 2 жыл фортепиано класының мұғалімі болдым. Кейін, 2006 жылы Мәртөкке келіп, Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебінің фортепиано класының мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Содан бүгінгі күнге дейін 17 жыл өнер мектебінде еңбек етіп келемін.

— Сіз жұмыс істеп келе жатқан жылдарда фортепиано класында өзгеріс бар ма? Қалай дамып жатыр?

— Сөздің шыны керек, басында қиын болды. Алғашқы уақыттары байқауларға өте сирек баратынбыз. Кейін жәймен оқу бағдарламасын жетілдіре бастадық. Басқа көзқараспен қаралып, толықтыра бастадық.

Әрине, бүгінде жарты ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасында буындар алмасуы болды. Дегенмен де, іргелі ұжым абырой биігінен түспей келеді. Өнер ордасының дамуы, алға жылжуы басшылыққа да байланысты деп ойлаймын. Мен жұмыс жасаған жылдары ішінде үш басшы ауысты. Олар: Дина Құрманғалиева, Медет Искаков және осы күні басшылық етіп отырған Жанар Ілиясова. Әр басшының осы өнер мектебінің алға басуына қосқан үлестері бар. Мектебіміздегі үлкен жаңалық, былтырғы оқу жылында су жаңа музыкалық аспап — рояль алынды. Бұл жаңалықты естігенде ата-аналар мен ұжым болып қатты қуандық.

Шеберлік жылдар өте келеді деген рас. Кейін біртіндеп үлкен сахна алдындағы қорқыныш, қобалжуды азайттық. Сахнаға жиі шығатын болдық. Концертмейстер ретінде домбырашылармен, қобызшылармен шыға бастадым. Көптеген жерлерге, соның ішінде Санкт-Петербург, Қазан, Алматы, Тараз секілді қалаларға бардық.

Дегенмен де, сахна алдындағы қобалжу әлі де бар. Бірақ, бұрынғыдай емес, жылдар өте келе батылдық пайда бола бастайды, шыңдалып келеміз.

Айта кету керек, балалардың белгілі бір жетістікке жетуі ата-аналарға тығыз байланысты. Балалардың әртүрлі байқауларға қатысына қолдау көрсетіп отыруы маңызды рөл атқарады. Ата-ана, бала және мұғалім арасындағы қарым-қатынас дұрыс болса жетер жетістік те биік болары сөзсіз.

— Жыл сайын фортепиано класына жаңадан қанша шәкірт келеді? Талаптар қандай?

— Жаңадан шәкірт қосылуы, түлектердің түлеп ұшуына байланысты. Біз әр баламен жеке жұмыс жасаймыз, сондықтан артық бала ала алмаймыз. Фортепиано класына жаңа оқу жылында шамамен 1-2 оқушы қабылдаймыз.

Фортепиано класына қабылданатын оқушының жасы кем дегенде 7-8 жастан кіші болмауы керек. Себебі, ойын баласына аспапты, нотаны үйрету оңай емес. Екіншіден бала жазып білуі қажет. Сонымен қатар, өнер мектебін білім алған мектебімен қатар аяқтауы да қадағаланады. Жалпы, біздің өнер мектебінде фортепиано класында оқу ұзақтығы — 7 жыл. Осы жылдар ішінде нағыз өнер майталмандарының ізін жалғайтын мәртөктік өрендер бойындағы қабілеттерін барынша шыңдауға тырысамыз.

— Түлектер туралы айтып қалдыңыз, фортепиано класынан түлеп ұшып, осы жолды жалғастырған шәкірттеріңіз бар ма?

— Әрине, Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжде, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында музыкалық білімдерін жалғастырып жатырған шәкірттеріміз бар. Мысалы, Айдана Ілиясова. Біздің ізімізді жалғап, жеті нотаны жетік меңгерген Айдана бүгінгі күні өнер мектебіне мұғалім болып келді. Аида Имашова болса «арнайы фортепиано» мамандығы бойынша Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжді тәмәмдап, сол мамандық бойынша бүгінгі күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үшінші курс студенті. Фарида Ілиясова да «арнайы фортепиано» мамандығы бойынша Ақтөбе гуманитарлық колледжінің екінші курс студенті. Біз қашанда мектебіміздің өнерлі түлектерімен мақтанамыз. Түлектеріміз музыка мамандығын таңдап, өздері қанат қағып ұшқан алтын ұя мектебіне келіп ұстаздық қызмет жасаса қуанып қаламыз. Ал, есімдерін жатқа білетін шәкірттеріміз солар секілді биік шыңдарды бағындыруды қалайды.

Айта кетсем, өзімнің қызым Інжумаржан Нұрслан да біздің өнер мектебінің түлегі. Әріптесім Ирина Иваницкаяның фортепиано класын тәмәмдады. Бүгінгі күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үшінші курс студенті.

— Майра Жангирейқызы, шәкірттерді аспапқа үйрету кезінде қандай қиындық болады?

— Ең үлкен қиындық — шәкіртте аспаптың болмауы. Біз сабақта қаншалықты үйретіп жіберсек те, үйге барып қайталауы керек. Сатып алуларына бұл аспаптар өте қымбат тұрады. Тек қолданылғанды алуға болады, олардың да кейбір параметрлері бұзылған, қолданылуы қиын. Осы бойынша ата-аналармен сөйлесіп, түсіндіруге тырысып жатамыз. Бірақ, өкінішке орай аспаптың қажет нәрсе екенін кейбір ата-аналар түсінбей жатады. Дегенмен де, баласының болашағын ойлайтын ата-аналар да жетерлік. Көбіне электропианино алады. Оның нағыз пианиномен салыстырғанда айырмашылығы бар.

Жалпы, біздің ең бірінші мақсатымыз — баланың өнер мектебін бітірген соң осы бағытты  жалғастыруы.

Мұнан басқа, баланың музыкаға деген сүйіспеншілігін оята білуіміз қажет. Музыканы сезінуді үйретеміз. Музыканы естімесең, жұмыс істеу қиын болады. Қандай аспап түрі болмасын адамның оған деген үлкен сүйіспеншілігі мен қызығушылығы болуы қажет. Шын жүректен шыққан әуеннің өзінің басқаша сыңғырлаған сазын байқауға болады.

Жалпы, бізге келетін балалардың барлығы нөлден бастайды. Бұған дейін ешқандай музыкалық білімі жоқ, немесе ешқашан аспап ұстап көрмеген балалар. Солардың барлығы да өздерінің дарындылығы және қызығушылықтарының арқасында біраз жетістікке жетіп келеді. Мысалы, өткен жылы Түркістан қаласында халықаралық конкурсқа қатысқан болатынбыз. Онда Айнара Сисенбай I орын алса, Радион Бабоха Бас жүлде иеленді. Ал, халықаралық «Звуки музыки» атты конкурстан Әлия Түгелбаева I орын, Радион Бабоха III орын еншілеген болатын.

Бұдан бөлек, өнердің қыр-сырына қаныққан шәкірттерім облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Сол арқылы ауылдың, ауданның, елдің мерейін үстем етіп жүр. Бұл біздей ұстаз үшін зор жетістік, үлкен мақтаныш. «Тәрбиесіз берген білім, адамзаттың қас жауы дейді», — ұлы ғұлама Әл-Фараби. Ал, рухани мәдениеттілік адамзаттың асыл бастауы. Сондықтан тәрбие бұл эстетика, жалпы өнерді түсіну үлкен бақыт деп ойлаймын.

Өзінің ерекше үнімен адамдардың жүрегін жаулаған фортепиано XVIII ғасырдың басынан бастап жарық көрген. Содан бері көптеген музыканттар өз өмірлерін осы аспапқа арнады. Бір қарағаннан ойнау оңай көрінгенімен, расында олай емес. Бұл көптеген қабілеттерді талап етеді.

— Әңгімеңізге рахмет!

 

20 жылға жуық ұстаздық етіп келе жатқан Майра Қаспақова шәкірт тәрбиелеумен қатар отбасында ибалы келін, аяулы жар, қамқор ана. Бүгінгі күні жолдасы Ермек Бисенұлы екеуі қос бұрымдай екі қыз тәрбиелеп өсіруде. Үлкені Арубике    тұрмыста, Інжумаржан жоғарыда айтылғандай анасының жолымен музыкалық білімін жалғастыруда.

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.