ҰСТАЗДЫҚҚА КЕЛГЕН ЖАСТАР

Аудандық Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебінде бірер жыл тұрақтаған айтыс класын мектеп түлегі, жас айтыскер ақын Жаңажол Мұқанов келіп қайта жаңғыртты. Ол биыл Қазақ Ұлттық өнер университетінің «жыр-айтыс» мамандығын бітірген. Ал, оның  жуырда ғана отау құрған жары Аяжан Шынберген «дәстүрлі ән» класын алды. Аяжан Берікқызы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «дәстүрлі жыр-терме» мамандығын меңгерген.

 

Қос өнерпазды бір-бірімен таныстырған да, табыстырған да киелі өнер. Өнер деп соққан екі жүрек оқып жүріп бір-бірімен табысады. Оқуды тәмәмдап, көп ұзамай шаңырақ көтеріп, отбасына айналады. Мәртөкке келген екі жасты өнер мектебінің директоры Жанар Ілиясова қуана қарсы алып, олар бірден жұмысқа қабылданған. Басшының айтуынша, биылғы оқу жылында өнер ордасына жаңадан 4 маман келген. Бүгінде жас мамандардың шәкірттерді өнерге баулудағы қарышты қадамдары басталып та кетті.

— Ең бірінші мақсатымыз ата-анамыздың жандарында болып, қолғабыс жасау болды. Содан кейін, өзімнің өскен жерім Мәртөк болғандықтан елге қызмет ету. Бұл жерде де талантты балалар бар екенін білеміз. Солардың өнер отын жаға алсақ деген үмітіміз бар. Бүгінгі күні айтыс класында жас шамалары 2-11 сынып аралығындағы 9 шәкірт тәрбелеу үстіндемін. Бір оқушым аудандық байқаудан 1 орын алып та үлгерді.

Шәкірттерге берілетін білім мен тәрбие қоғам мен заман талаптарына сай болуы керек. Осы бағытта баланы сабаққа қызықтыруға тырысамыз. Олар өнердің қыр сырына қанықса қол жеткізер жетістіктердің көп боларына сенімдімін, — дейді Жаңажол Теңгелұлы.

— Алдағы уақытта бізге берген ата-баба дәстүрін, олардан қалған қасиетті сөзді өнерпаз балаларға дарыту мақсатында жұмыс жасайтын боламыз. Дәстүрлі ән — иісі қазаққа ортақ өнер. Сондықтан, қалада болсақ та, ауылда болсақ та осы жолмен жүруді парыз санаймын. Осы уақытқа дейін ұстаздарымнан алған білімді, тәлім-тәрбиені оқушыларыма дарытамын деп ойлаймын. Шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, оған қанат бітіру, өнерге шексіз құштарлық дәнін себуге тырысамын. Ұстаздан шәкірт озар дегендей өнерге баулыған шәкірттеріміз биік белестерді бағындырса екен деймін. Жалпы, осы өнер мектебінде жұмыс жасап жатырғаныма бір айдың көлемі болды. Және бұл алғашқы жұмыс орыным. Басында әрине сәл қиындау болды. Дегенмен, осындағы тәжірибелі апай-ағайлардың көмегімен бүгінгі күні үйренісіп қалдым, — дейді Аяжан Шынберген.

Жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. Бүгінде өз ұстаздарымен әріптес болған Жаңажол және жары Аяжан өскелең ұрпаққа эстетикалық ұлттық тәрбие беруге елеулі үлес қосамыз деп отыр. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімдік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздардың жолын жалғасын деп тілейміз.

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.