Түнде бірнеше облыста жолда қалған көліктерге көмек көрсетіліп, 39 адам эвакуацияланды — ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бапасөз қызметінен мәлім болды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгін 112 пультіне Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданынан бірнеше шақырым жерде жабық жолда автобус тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен.

— Дереу шақырту орнына жөнелген құтқарушылар автобуста 39 жолаушы бар екенін анықтады. ТЖМ қызметкерлері барлығын Қарабұтақ ауылына эвакуациялады. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының Хромтау ауданында бірнеше көлік қар құрсауында қалған. Құтқарушылар және ҚР ТЖМ 20982 әскери бөлімінің қызметкерлері республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» және «Хромтау-Бадамша» тас жолынан 2 жүк көлігін, 1 жеңіл көлікті тазартылған жолға сүйреп шығарды.

Ал Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы «Шұбарқұдық-Ойл-Қобда-Соль-Илецк» және «Самара-Шымкент» 640 шақырым автожолдарында құтқарушылар қар құрсауында қалған жеңіл автокөліктерді арнайы техниканың көмегімен сүйреп шығарды.

Алға ауданында облыстық маңызы бар «Ақтөбе-Астрахань» автожолының учаскесінде құтқарушылар күшімен үш адам құтқарылды.

БҚО Бәйтерек ауданында, ТЖМ өкілдері «Орал-Саратов» автожолында қар құрсауында қалған жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен жолаушысына көмекке келді.

Осыған дейін Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері 5 балықшыны құтқарғаны туралы жазған едік.