Ел болашағы — жастардың қолында

Бүгінгі таңда өңірімізде 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны — 266 835. Бұл — тұрғындардың 28,2 пайызы. Жалпы, облыстық жастар ресурстық орталығы жастардың бос уақытын тиімді өткізу, олардың бойында патриоттық сезім мен рухани тәрбиені қалыптастыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Мәселен, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу, буллинг пен лудоманияға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында «ADAL URPAQ» форумы мен «Жастарға кеңес» жобасы жүзеге асуда. Жоба тек қала жастарының арасында ғана емес, аудан, ауыл жастарына да арналып отыр. Сонымен қатар «Жастар. Денсаулық. Тәртіп» семинар-тренингі жиі ұйымдастырылады. Мақсат — қыздар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, қыз балалардың өсіп дамуына қолайлы психологиялық, әлеуметтік жағдай жасау және жауапкершілікпен шешім қабылдауды үйрету. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды денешынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында «DOSTYQ CUP» спорттық сайыстары ай сайын өтеді.

Облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен «AQTOBE QAIYRYMDY MEKEN» жобасы аясында «ULAGAT» акциясы басталды. Акция аясында волонтерлер ардагерлердің ауласын қардан тазалап, қол көмектерін беруде. Осындай іс-шаралар жастарды біріктіріп, олардың алға ұмтылуына ықпал етеді.

Самғат АРТЫҒАЛИН,
Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы
aqtobegazeti.kz