Мәжілісте ҚҚС-ға қатысты Үкімет бастамалары талқыланды

Мәжілісте Салық кодексінің жобасына қатысты Үкіметтің жаңа бастамаларын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті, деп жазады Egemen.kz.

Дөңгелек үстелде Ұлттық экономика министірінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин Кодекстің жаңа редакциясындағы негізгі түзетулерді түсіндірді.

Оның айтуынша негізгі түзетулер мыналар:

Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін төмендету — 20 000 МРП (78,6 млн теңге) 3 800 МРП (15 млн теңге) дейін;

Қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру — 12%-дан 16%-ға дейін, бұған қоса бірқатар салалар үшін төмендетілген мөлшерлеме 10% белгіленеді;

Жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимін қолдануды шектеу — тек B2C сегментіне (бизнес түпкілікті тұтынушылар үшін) қолжетімді болады.

Жиында экономист эксперттер пікір білдіріп, Мәжіліс депутаттары да талқыға қатысты. Мәжілістің Салық кодексін талқылауға арналған жұмыс тобының отырысында депутат Азат Перуашев қосылған құн салығын 12 пайыздан бірден 16 пайыз көтермей, біртіндеп, жылдарға бөліп көтеру туралы ойын ортаға салды.

«Біз түрлі нұсқаны есептеп көрдік. Жыл сайын ҚҚС мөлшерлемесіне 1 пайыз ғана қосып көбейту моделін де қарадық. Жыл сайын екі пайыз қосып та есептеп көрдік. Бірақ ондай жолдың әсері болмайды. Қазіргі модельді жайдан-жай есептеп шығарған жоқпыз. 28 трлн теңге шығысымыз болады деп отырмыз. Жыл сайын біртіндеп өсірсек, бюджеттегі саңылауды жаба алмаймыз, мемлекеттің міндеттемелерін орындай алмай қаламыз», деп жауап берді Азамат Әмрин.