Нитратпен уланудан сақ болыңыз!

 

Жаз мезгілі – ағзаны дәрумендермен байыту кезеңі. Алайда бұл кезеңде күнделікті рационға пайдалы қасиеттерімен ғана емес, сонымен қатар қауіп төндіретін ерте пісетін көкөністер мен жемістер де қосылады. Дәл осы уақытта көшелер мен бейімделмеген орындарда тез бұзылатын өнімдер саудаланып, нитраттар мен пестицидтер мөлшері жоғары көкөністер жиі ұсынылады. Облыстың санитар дәрігерлері жаз мезгілінде нитраттармен улану қаупінің арта түсетінін ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырды.

«Артық мөлшердегі нитраттар адам ағзасына түсіп, асқазан-ішек жолында нитриттерге айналып, қан айналымына кері әсер етеді. Бұл жағдайлар метгемоглобинемия сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Нитратпен уланудың белгілеріне жүрек қағысының жиілеуі, ентігу, іштің ауруы мен диарея, құсу, әлсіздік, бауырдың ұлғаюы жатады. Қауіптің алдын алу үшін ерте піскен өнімдерді бейберекет сауда орындарынан сатып алмаңыздар. Сапасы мен қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттардың болуын мұқият тексеріңіз. Өнімдерді термиялық өңдеп, дұрыстап жуу керек» – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Индира Аяғанова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикер биыл жыл басынан бері өңірде бақша дақылдары, жеміс-жидек, көкөніс өнімдері нитраттармен және ботулизммен улану жағдайлары тіркелмегенін атап өтті. Департамент тағамнан уланудың алдын алу және санитариялық ережелерді түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Бұл іс-шаралар 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар негізінде жүзеге асырылады. “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының алаңында мейрамхана және қонақ үй бизнесі өкілдерімен тамақтан улануды алдын алу, санитариялық талаптар, қызметке рұқсат алу, медициналық тексерістер, өндірістік бақылау және ХАССП жүйесі туралы тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.