Ақтөбе облысының 2 000 ауыл оқушысы өз арманының жарыс жолына түседі! IQanat Олимпиадасы басталуда

2 қарашада Ақтөбе облысында республикалық IQanat Олимпиадасының І туры басталып, оған өңірдегі ауыл мектептерінің 2 мыңнан астам баласы қатысады.
IQanat Олимпиадасының І туры ең ынталы оқушыларды іріктеуге бағытталған. Бұл кезеңде оқушылар олардың математикалық және оқу сауаттылығын, логикалық ойлау мен қазақ тілін білуін бағалайтын кешенді тестілеуден өтеді. Сондай-ақ, тур аясында оқушыларды білім алуға, дамуға және өз мақсаттарына қол жеткізуге шабыттандыруға бағытталған ынталандыру кездесулері болады.
Бүкіл республика бойынша қатысушылардың саны 63 мыңнан астам. 3 турдан өткен Олимпиада жеңімпаздары Бурабайдағы IQanat мектеп-пасионатына тегін оқуға түседі немесе олимпиададан кейінгі үш жылдық сүйемелдеу бағдарламасына тегін қабылданады. Оның аясында балалар ҰБТ, халықаралық емтихандарға белсенді дайындалып, ағылшын тілін, ІТ дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлік негіздерін меңгереді, оған қоса, олардың жетістіктері бағаланып, ұдайы ынталандырылады.
Жүйелі академиялық қолдаудың арқасында IQanat бағдарламасының қатысушыларының 94%-ы Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттеріне грантпен оқуға түседі. Бүгінде IQanat түлектері әлемнің 19 елінде білім алып жатыр.
IQanat – әлеуметтік-білім беру жобасы. Оған қазақстандық 240 кәсіпкер қолдау көрсетеді. Ақтөбе облысының қамқоршысы – Жұман Марат Қожаханұлы. Өңірдің аудандық қамқоршылары: Орынбасар Аязбаев, Тулемис Шотанов, Женис Тайбукенов, Адиль Асанов, Сергей Ена, Аслан Қайырғалиев, Нурлан Байарстанов, Әнуар Төлепбай, Николай Рогонов, Акмарал Имашева, Ерлан Кунанбаев, Олжас Тортай, Канат Темирбеков және Павел Дуров. Олимпиаданы ұйымдастыру арқылы IQanat Қазақстан ауылдарындағы талантты балалардың білім алу жолындағы қаржылық және әлеуметтік кедергілерді жоюға ұмтылады.