Мәртөк ауданының жаңа әкімі алдына нақты міндеттер қойылды
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Мәртөк ауданының активімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Мәртөк аудандық мәслихатының келісімі бойынша тағайындалған ауданның жаңа әкімі Медет Искаков таныстырылды.
Облыс әкімі аудан басшылығының негізгі міндеті – Мәртөк ауданының жоспарланған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне 100% қол жеткізу және одан әрі арттыру екенін атап өтті.
Сондай-ақ, облыс басшысы Қаратоғай ауылында спорт кешенінің құрылысын аяқтауды, «Мәртөк-Дмитриевка-Байторысай», «Шевченко-Қызылжар», «Мәртөк-Қаратаусай» автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды, мектептерді жөндеуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және халықты жұмыспен қамту, елді мекендерді абаттандыру да міндеттер қатарында.
Асхат Шахаров басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру, екенін алға тартты.
Отырыс барысында сөз сөйлеген Медет Искаков ауданның дамуы үшін өзінің барлық тәжірибесін, білімі мен күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
Медет Искаков Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2000 жылы Қ.Медетов атындағы Мәртөк балалар өнер мектебінің мұғалімі болып бастап, мектеп директоры қызметіне дейін көтерілген.
2016 – 2021 жылдары Қаратоғай ауылдық округінің әкімі, Мәртөк аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2021 – 2022 жылдары Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасын басқарды.
2022 жылдың қазан айынан бастап осы уақытқа дейiн Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі қызметін атқарып келді.