Қазақстан-Армения арасындағы бизнес серіктестікті қайта жаңғырту керек – Пашинян

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан-Армения арасындағы бизнес серіктестікті қайта жаңғырту керек. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамдағы келісссөз барысында Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен айтты.

– Бұл – шын мәнінде қарым-қатынасымызды стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік беретін бірден-бір сапар. Сапар аясында саяси диалогқа, сауда-экономикалық байланыстарға да, гуманитарлық қарым-қатынастарға да тың серпін беруге мол мүмкіндік бар. Бұл ретте бүгін Астанада армян әліпбиінің негізін қалаушы, әулие Месроп Маштоц атындағы көше салтанатты түрде ашылды. Мұны біз армян халқына деген құрмет деп білеміз, – деді Армения Премьер-министрі.
Сонымен қатар ол Қазақстан Президентімен келіссөздер барысында екі елдің қарым-қатынастарын дамытудың өзекті мәселелері талқыланғанын атап өтті. Мұнан бөлек, екі ел арасындағы үкіметаралық комиссия жұмысын қайта жандандыру керектігін айтты.

– Елдеріміз арасындағы бизнес серіктестікті қайта жандандырғанымыз жөн болар еді. Осы тұрғыда бизнес форумдар, миссиялар, келіссөздер өткізуіміз қажет, – деді Никол Пашинян.
Естеріңізге сала кетсек, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян ресми сапармен Астана қаласына кеше келді.

Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөз жүргізді.