Президент Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огаваны қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы Komatsu компаниясы еліміздің тау-кен инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі саналатынын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент компанияның Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады.

Хироюки Огава стратегиялық тұрғыдан маңызды нарық саналатын Орталық Азияның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Ол жаңа кешеннің аймақтағы тау-кен компанияларының техникаларын аз уақыт ішінде төмен бағада жөндейтін әрі оларға жедел сервистік қызмет көрсететін өңірдегі ірі хабқа айналатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өндірісті локализациялауға, елдер арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін озық технологиялар алуға ниетті.

Кездесу барысында маман даярлау мәселесіне баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясының елімізде операторларға, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашу туралы бастамасына қолдау білдірді. Сондай-ақ бұл жобаның адами капиталды дамытуға, өнеркәсіптік серіктестікті тереңдетуге зор үлес қосатынын айтты.