Бүгін «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Ауылдағы әйелдер үшін бірлескен даму мен қолдау» бағыты аясында көшпелі кездесуі өтті.

Аталған шараға Ақтөбе облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Бану Тілегенова мен Гүлшат Масалимова, «AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ануар Искарин, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары Орынғали Қонысбай, сондай-ақ көтерілген тақырыптар бойынша бағыт-бағдар беретін бірқатар сала мамандары мен кеңесшілер қатысты.
Ауданның әр саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер бас қосқан кездесуде қатысушыларға несие және қарыз міндеттемелерін реттеу, цифрлық зорлық-зомбылықтың алдын алу, Салық кодексіндегі жаңа өзгерістер, eGov порталымен жұмыс істеу дағдыларын үйрету, сондай-ақ балаларды дені сау әрі бақытты етіп тәрбиелеу тақырыптарында семинар-тренинг форматында кеңестер берілді. Шара барысында көтерілген мәселелер ауыл әйелдері үшін өзекті әрі практикалық тұрғыда пайдалы болды.
Кездесуге қатысушылардың бірі, жеке кәсіпкер Базаргүл Мұқанова, шарадан алған әсерімен бөлісіп:
«Шара барысында маңызды әрі қажетті ақпараттар алдық. Бұл әсіресе елді мекендерден келген қыз-келіншектер үшін өте пайдалы болды деп ойлаймын. Өзім партия қатарында бұрыннан бармын, қоғамдық жұмыстарға шамам келгенше атсалысып келемін. Бүгінгі кездесу аудан көлемінде әйелдер қанатын құруға жақсы бастама болды», – деді.
Іс-шара қорытындысы бойынша «Әйел AMANATты» жобасы аясында партияның Мәртөк аудандық филиалы жанынан белсенді қыз-келіншектерден құралған Әйелдер қанаты жасақталды. Жиын барысында Әйелдер қанатының төрағасы болып партия белсендісі Макуза Тұрлығұлова сайланды.
Жаңадан сайланған төраға өз сөзінде:
«Әйелдердің қоғамдағы орны айрықша. Ауданымызда әр салада белсенді, бастамашыл қыз-келіншектер көп. Алдағы уақытта ұсынылған іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс жүргізіп, түскен ұсыныстарды да назарға ала отырып, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар атқаратын боламыз», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, іс-шара барысында белсенді қыз-келіншектерге Ақтөбе облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Бану Тілегенова мен Гүлшат Масалимова партияның Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұловтың Алғыс хаттарын табыс етті. Кездесу соңында Әйелдер қанатының белсенді мүшелерімен жеке отырыс өткізіліп, алдағы жұмыстардың бағыты мен ұйымдастыру тәртібі түсіндірілді.




