Елдіктің жауапты кезеңінде бірлік пен байыптылық маңызды

Кеше Сыр бойындағы сәулетті шаһар, ұлт тарихының қазыналы қаласы Қызылордада бесінші мәрте шақырылған Ұлттық құрылтай отырысы жоғары деңгейде өтіп, ел тағдырына қатысты мән-маңызы зор мәселелер мен міндеттер талқыға салынды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Құрылтай мүшелері алдында сөз сөйледі.
Еңбекпен көркейген өңір
Бұған дейін ұлт ұясы Ұлытауда, түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы Түркістанда, айбарлы Атырау мен тарихы бай Көкшетау баурайында төрт рет шақырылған құрылтай отырыстары ендігі кезекте қастерлі Қызылорда жеріне ат басын тірегенін, бұл халқымыз үшін орны ерекше өңір әрі «Сыр – Алаштың анасы» екенін тілге тиек еткен Президент сөзінің басында осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын айғақтайтынына назар аударды. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы деуге болатынын, бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша екенін, осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болып, еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданғанын айтты.
«Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі. Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді», деген Мемлекет басшысы кейінгі жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатқанына тоқталды.
Атап айтқанда, былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өскен. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Сондай-ақ Президент былтыр облыста 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын, соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өтті. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынғанын, жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түскенін, облыс тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп, халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланатынын тілге тиек етті. Елді мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді.
«Аймақтағы автокөлік жолының сапасы жалпы жақсы жағдайда деуге болады. Облыстың әуе және теміржол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі – теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса аймақтағы 10 теміржол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі.
Қазір Қызылорда облысында, әсіресе әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады.
Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамып келеді. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны бүкіл әлемге белгілі дерек екенін, Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамып жатқанын айтты.
«Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету іс-шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады.
Бірақ бұл біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек, көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет», деген Президент су еліміз үшін стратегиялық ресурс екеніне, сондай-ақ былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынғанына тоқталды. Оның айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжыту қажет. Алдағы сәуірде Астанада өтетін Халықаралық экология саммитінде Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесі талқыланатынын еске салды. Мемлекет басшысы Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысына Сыр елінің азаматтары, оның ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен жастар қатысып отырғанын, осы орайда, жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын атап өтті. Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көретінін жеткізді. Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартатынын, мысалы, Нағи Ілиясов, Таң ауылдарын бүкіл елге үлгі ретінде үнемі айтып жүретінін жеткізіп, осы аймақпен қатар күллі еліміздің дамуына үлес қосып келе жатқан жергілікті тұрғындардың еңбегіне назар аударды.
«Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы үлесі тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағындағы рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті», деген ол ең бастысы, қоғам өзгеріп, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болғанын, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалғанын, осы ретте Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, төрт жылда Құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді.
«Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті. Бұдан бөлек, біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақтың болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын болдық.
Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат саласын ретке келтіру туралы бастама көтерді. Тиісті құжатты әзірлеуге өздеріңіз белсене атсалыстыңыздар. Былтыр Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек», деді Президент.
Рухани-мәдени мұраны таныту өзекті
Президент мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер саласына арнайы тоқталды. Оның сөзінше, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан руханият мәселесіне айрықша мән беріп, осы салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынатынын, атап айтқанда, Алматы облысында Қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтеретінін, Шымкентте де Опера және балет театрының құрылысы басталатынын жеткізді.
«Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ. Наталья Сац атындағы Орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да жаңғыртылады. Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді», деген Мемлекет басшысы музей ісін дамыту мәселесіне де назар аударды. Осы ретте, Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өтіп, заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылғанын, бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болатынын айтты.
«Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек. Өткен сапарымда мен облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі.
Қазір жастар арасында Қазақстан өрлеу кезеңіне қадам басты деген пікір бар. Жас буын өкілдері жаңа қоғамдық этиканы, креативті индустрияны дамытуға зор үлес қосып жатыр. Әлем елдері қазіргі қазақ өнерін ерекше құбылыс деп бағалайтын болды. Кино саласы да дамып жатыр.
Жас ұрпақтың ұлттық бірегейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұртына танытуы – зор мақтаныш. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез келген салаға зор серпін береді. Сондықтан өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасаймыз», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтеріліп, соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанына, мысалы, 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізілгеніне тоқталды. Оның айтуынша, биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіретінін, дегенмен мұнымен тоқтамай, төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс екенін айтты.

«Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес. Мысалы, таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборы да – айрықша тарихи нысан. Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады.
Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.
Отаншылдықтың асыл арқауы
Президент Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс екенін атап өтті. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретінін, қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатқанын, Абайдың «Қарасөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу қажеттігін жеткізді.
«Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының ұстыны саналады. Ашығын айтсақ, ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл басқаға емес, ең алдымен өзіміз үшін керек. Олардың мұралары – біздің рухани-философиялық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық институттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттағаны жөн.
Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау. Осы ретте кейбір Құрылтай мүшелерінің философия, әлеуметтану, саясаттану сияқты ғылымдарды дамыту мен қоғамдық-саяси ой-пікірлер көптомдығын әзірлеу туралы ұсынысын атап өтуге болады. Сондай-ақ олар ғылыми мекемелердің зерттеулері онлайн платформа арқылы бәріне бірдей қолжетімді болуы керек екенін айтты», деді Президент.
Мемлекет басшысы жуырда Астана мен Алматыда Президенттік кітапханалардың құрылысы басталатынын, бұл нысандар кітаптар жиналған жер ғана емес, қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін орталықтар болуы керек екенін айтты. «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе.
Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады. Мен былтырғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өттім. «Ұлттық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді», деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы кейінгі жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеткенімізге тоқталды. Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильм түсіру жұмыстары аяқталмақ. Президент көпсериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтетінін, бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал ететінін еске салды. Бірақ осындай тарихи тақырыпқа келгенде тартымды, көрнекі, яғни визуалды бейне жасаудан бөлек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-мағынасы терең болуын ойластыру қажет екеніне, сондықтан өз тапсырмасымен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылып, әлемнің беделді ғалымдары шақырылатынына назар аударды.
Президенттің айтуынша, тұтас түркі өркениетін зерделеу аясында қыркүйекте ресейлік әріптестермен және басқа да елдердің өкілдерімен бірге «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» деген халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр. «Бес жыл бұрын менің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалам жарық көрді. Онда қазіргі заманғы ғылыми тәсілдер негізінде төл тарихымызға арналған жаңа академиялық еңбек жазу туралы тапсырма бердім. Осы ауқымды әрі іргелі зерттеу жұмысы жыл соңына қарай аяқталады. Қазақстанның академиялық тарихының көлемді жеті томдығы жарыққа шығады. Бұл еңбек мемлекеттігімізді нығайтуға және ұлтымыздың біртұтас тарихи сана-сезімін қалыптастыруға қосқан қомақты үлесіміз болмақ. Осы маңызды ғылыми жинақ тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай шыққалы отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз бұл тарихи белесті дәл осындай нақты істермен атап өтуіміз керек. Өткенді ұмытпай, болашаққа сеніммен қарасақ, еліміздің дәйекті дамуына жол ашылады. Сондай-ақ ұрпақтың отаншылдық сезімі ел игілігі жолындағы нақты іспен ұштасады», деген Мемлекет басшысы «Отаншылдық» ұғымына арнайы тоқталды. Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болатынын жеткізді.
«Қазір қоғамда «Қазақстанның Мемлекеттік туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе шетелдегі спорттық және өзге де іс-шараларда Көк туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады.
Қазақстанның аспанмен астасқан Көк туын бүкіл әлем біледі. Еліміздің спортшылары жарқын жеңісімен, ғалымдары іргелі еңбегімен, өнерпаздары тамаша дарынымен Отанымызды жер жүзіне танытып жүр. Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі, әр өреніміздің абыройы – барша қазақтың беделі. Біз туған жерге жанашырлығын, туған елге адалдығын нақты іспен көрсететін нағыз патриот азаматтарды қолдауымыз қажет», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент жасампаз отаншылдықтың негізгі қағидаттарына тоқтала келе, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына, волонтерлік қозғалыстарға, қайырымдылық шараларға, әлеуметтік кәсіпкерлікке және ел игілігіне арналған басқа да жұмыстарға белсене қатысу жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдықтың көрінісі екенін айтты.
«Таза Қазақстан» ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз.
Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті терең түсіну деген сөз. Ұлт мүддесін желеу етіп бос айқайға басатын, одан қалды, азаматтарымыздың Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ. Барлық салада, соның ішінде зауыттарда, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау ұйымдарында, мектептерде, университеттер мен ғылыми зертханаларда, мемлекеттік мекемелерде, жеке компанияларда жұмыс істеп жүрген адамдардың білікті әрі табанды еңбегін, әскери борышын өтеп жүрген және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін азаматтарымыздың Отанға адалдығын жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық деуге болады», деді Президент.
Заң мен тәртіп – ортақ міндет
Қазақстан Әділеттің, Заң мен тәртіптің мекені, еңбекқор адамдардың елі болуға тиіс. Осылай деген Мемлекет басшысы заң үстемдігі мен жасампаз еңбек жоғары тұрмыстық мәдениет идеологиясымен астасып жатуы керек екенін, осы қағидаттар көптеген елде табысты әрі берекелі өмір сүрудің формуласы саналатынын, мұндай басты құндылықтар мен өмірлік ұстанымдар әр адамның бойына отбасынан, мектеп қабырғасынан даруы үшін іргелі институттарды күшейтуге баса назар аудару қажеттігін айтты.
«Түрлі саяси авантюристердің ұлттық құндылықтарымыздың өзегіне балта шабуына, жастарды «жаңалық» болып көрінетін жат құндылықтарға еліктіріп, адастыруына жол бермеуге тиіспіз. Менің нені меңзеп тұрғанымды бәріңіз түсінген шығарсыздар деп сенемін. Мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарын қорғауға, елді іштен ірітетін зиянды нәрселерді, турасын айтсақ, ерсі қылықтарды насихаттауға тосқауыл қоюға міндетті.
Қоғамымызда ер мен әйел өз еркімен шаңырақ көтеріп, некесін мемлекеттік мекемеде ресми түрде тіркейтін дәстүрлі отбасы институтын заңнамалық тұрғыдан нығайта түскен жөн. Бірақ мемлекеттің моральға қатысты ресми ұстанымына сай келмейтін көзқарасы үшін біреуді қылмыстық қудалауға, моральдық жағынан кемсітуге еш жол беруге болмайды. Ал мемлекеттің ұстанымын «Әр азаматтың таңдау құқығы бар. Алайда ешкім өз таңдауын біреуге күштеп таңа алмайды» деген формуламен түйіндеуге болады. Біздің мемлекетіміз барлық азаматтың құқы мен бостандығын, ар-намысын табандылықпен қорғай береді», деп сөзін түйіндеген Президент жуырда Шымкентте орын алған қайғылы оқиғаға арнайы тоқталды. Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктіргені белгілі. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түскен. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсетіп, ақыры мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Президент осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырғанын, Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексеретінін айтып, қыз алып қашу – адам ұрлау, бұл ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс екенін айрықша атады.
Мемлекет басшысы мұндай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайтынын, жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып, заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды екенін жеткізді. «Заң мен тәртіп бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс», деді Президент.
«Кез келген мемлекеттің күші – халықта. Азаматтарымыздың жасампаздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жетеріне кәміл сенемін. Өздеріңіз білесіздер, мен түрлі жоспарлар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге түбегейлі қарсымын, – деген Президент болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн деп санайтынын жеткізді. – Біз өте қауырт дәуірге қадам бастық. Бұл адамдардың үйреншікті өмір салтын бұзады, сана-сезімін өзгертеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект түбегейлі жаңа орта қалыптастырады. Онда әбден орнығып қалғандай көрінетін ұғымдар мен тәжірибелерге мүлдем орын жоқ. Жаһандық цифрлық экономика дәуірінде мемлекеттердегі халық саны бұрынғыдай аса маңызды болмай қалатын сияқты. Жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзеген, тіпті жаңа үдерістерге нақты әрі белсене қатысқан елдер ғана табысқа жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады».
Президент білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салынатынын, себебі адам капиталының сапасын арттыру айрықша маңызды міндет екенін тілге тиек етті. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізетінін айтты. Ең бастысы, бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдер мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек екенін, пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет екенін атады.

«Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек.
Дегенмен басқару ісінде белең алған берекесіздікті озық технологиялар өз бетімен жойып жібере алмайды. Мұны жете түсінген абзал. Жұмыс әуел бастан дұрыс жолға қойылмаса, бірін-бірі қайталайтын міндеттер көбейіп, қағазбастылық шаруаға кедергі келтіре берсе, жасанды интеллектіні енгізу арқылы бәрін әп-сәтте жөнге келтіремін деу – бос әурешілік. Сондықтан цифрлық өзгерістер стратегиясын жүзеге асыру үшін алдымен басқару жүйесін реттеп алу қажет. Осыған орай, шұғыл міндет туындап отыр: мемлекеттік сектордағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін жақсартып, оған басқару саласындағы озық тәжірибелер мен құзыреттерді енгізу керек. Цифрлық шешімдердің және жасанды интеллект технологиясының көмегімен барлық саладағы мемлекеттік басқару ісінің сапасын арттыруға мол мүмкіндік бар. Соны дұрыс пайдаланған жөн», деді Мемлекет басшысы.
Көмір – біздің стратегиялық активіміз
Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары технологияға негізделген, энергияны көп қажет етпейтін жаңа экономика құру үшін, ең алдымен, мықты инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Логистика саласында алдымен көрінген жерге қойма салынып, содан кейін ғана оған аса маңызды инженерлік жүйелер тартылып жататын қателіктерге жол бермеу керек.
«Оның үстіне, мұндай нысандар бәріне бірыңғай талаптарға сай келе бермейді. Соның салдарынан шығын көбейіп, ауқымды жұмыстың мән-маңызы жоғалады. Бұл – басқару ісіндегі сауатсыздықтың көрінісі. Сондықтан мұқият ойластырылған әрі ортақ ұстаным болуы қажет. Барлық ІТ инфрақұрылымның сенімді, үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қуатты дата орталықтар салуға арналған арнайы аймақтарды алдын ала анықтап алу керек. Деректерді талдау орталықтарын дәл сондай жерлерге салу қажет. Мұндай орталықтарда қуат көздері, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және салқындату жүйесі болуға тиіс.
Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірге Екібастұз бассейнінің энергетикалық қуатын пайдалана отырып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» жасауды жоспарлап отыр. Бастама жаман емес, оның қаншалықты табысты жүзеге асырылатынын көре жатармыз», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Президент атом стансаларының құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосуды қолға алу керек екеніне тоқталды. Дата-орталықтар металлургия комбинаттары сияқты көп мөлшерде энергия тұтынатынын қаперде ұстауды еске салды. Сол себепті қуат көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастырылуға тиіс екенін айтты.
«Қазақстанда 123,1 миллиард киловатт-сағат көлемінде электр қуаты өндіріледі. Барлық жоспарымызды табысты орындауға бұл жеткіліксіз. Мен мұны Қауіпсіздік Кеңесінің жақында өткен отырысында нақты атап өттім. Басқаша айтсақ, біз еліміздің әлемдік бәсекедегі артықшылықтарын тиімді пайдалана алмай отырмыз.
Қазақстанның 33 миллиард тоннаға жуықтайтын орасан зор көмір қоры бар. Қазіргідей қарқынмен өндіре берсек те, көмірдің қоры 300 жылға жетеді. Елімізде жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы мемлекеттердің қатарына кіреміз. Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек. Президент Трамп «Маған жел емес, көмір ұнайды», деп дұрыс айтады. Мұнда ақиқат бар. Көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Үкіметке Ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ тым созбалаңға түсіп кеткен Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысын тездетуді, оны жұртшылық асыға күтіп отырғанын айта келе, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына сын-ескертпе жасады.
«Курчатовтағы электр стансасы мен Екібастұздағы 2-ГРЭС-тің қосымша энергоблоктарын уақтылы іске қосу, 3-ГРЭС-тің құрылысын бастау қажет. Энергетика жүйесінің орнықты болуын қамтамасыз ету үшін теңгерімді қуат көздерін тезірек іске қосу керек. Бұл – ең алдымен газдан қуат өндіруге қатысты мәселе. Жаңа кен орындарын іздеу арқылы табиғи газ өндіру ісінің әлеуетін арттыру қажет. Өкінішке қарай, көгілдір отын өндірісі экономикамыздың күн өткен сайын өсіп бара жатқан сұранысын өтей алмай келеді. Былтырдың өзінде тауарлы газ импорты 18 пайызға өсіп, 4,5 миллиард текшеметрге жетті. Соған қарамастан, жаңа газ кеніштерін ашу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Бұл – тиімсіз жоспарлаудың тікелей салдары. Қазіргі ерекше жағдайда бұған мүлдем жол беруге болмайды. Мен «QazaqGaz» басшылығына жеке қаражат есебінен және инвесторларды тарту арқылы болашағы зор учаскелерді игеруге кірісуді тапсырдым.
Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге геологиялық барлау жұмыстарын жандандырып, жаңа көмірсутегі кеніштерінің игерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Газ өңдеуге қатысты ірі жобалардың дер кезінде іске қосылуын қатаң бақылауға алған жөн. Бізге құр ниетті ғана танытатын құжаттар емес, нақты нәтижелер керек», деді Президент.
Оның айтуынша, энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды резерв – еліміздің су ресурстары. Оның әлеуеті тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр.
«Ашығын айтсақ, осы аса маңызды бағыттағы жұмыстар бей-берекет жүргізіліп жатыр. Еліміздің қолда бар су қорына шұғыл түрде нақты бағалау жасаған жөн. Өйткені кеңес заманынан қалған мәліметтер әлдеқашан ескірді. Ғылым академиясындағы ғалымдарымыз қайда? Олар неліктен осы уақытқа дейін еліміздің су қорына қатысты баға бермеген? Қазақстанның су-энергетика ресурстарын шынайы көрсететін карта әзірлеу қажет. Уақыт күтіп тұрмайды. Бұл құжаттарды әзірлеу жұмыстары гидроэнергетиканы жедел дамытуға кедергі болмауға тиіс. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры кейбір гидротехникалық нысандардың тиімділігін арттыру үшін оны сенімгерлік басқаруға беру мәселесін шешуі қажет», деді Мемлекет басшысы.
Логистикалық әлеуетімізді тиімді пайдаланған жөн
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика кешеніне де баса назар аудара келе, оны дұрыс дамытпасақ, ел экономикасын тұрақты өсіру мүмкін еместігін, еліміздің орасан зор транзиттік әлеуетін толық пайдалану үшін қыруар шаруа атқару керектігін қаперге салды.
«Елімізде қызу жұмыс қолға алынды. Мыңдаған шақырымдық автокөлік жолдары мен темір жолдар салынып, жөнделіп жатыр. Басты бағыттардың талапқа сай емес тұстары ретке келтіріліп жатыр. Вокзалдар, теңіз және әуе порттары, сондай-ақ құрғақ порттар жаңғыртылып, кей жерде жаңадан салынып жатыр. Мультимодальды тасымал түрі де дамып келеді.
Автокөлік тасымалы саласы да аса маңызды. Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады.
Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым», деді Президент.
Оның айтуынша, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталмақ. Атап айтқанда, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Президент биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталатынын жеткізді.
«Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң, «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады. Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы қолға алынады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уақтылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі бұл жобалар еліміздің халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, автокөлік жолдарымен қатар темір жол инфрақұрылымын да кеңейтіп, жақсарту жұмысын жалғастырған жөн. Бұл – тасымал жолдарының өзара байланысы тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе. Былтыр «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылғанын, Алматыны айналып өтетін теміржол құрылысы аяқталғанын, мұның бәрі еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай көтеріп, бұған қоса, биыл «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілері салынатынын айтты. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Жезқазған – Сексеуіл» бағыттары бойынша теміржол учаскелері жаңғыртылмақ.
«Әуе жолдарын дамыту ісі еліміз үшін өте маңызды. Жаңа халықаралық рейстерді іске қосу қажет. Бұл – экономикалық мәселе ғана емес, азаматтары әлемді емін-еркін аралайтын ашық қоғамы бар мемлекет екенімізді білдіретін қадам. Еліміздің аумағында оннан аса халықаралық көлік дәлізі бар. Бұл – оң үрдіс, оны барынша дамыту керек. Дәл осы кезде Қазақстан өзін халықаралық көлік-транзит дәлізі ретінде танытуға тиіс. Жаһандық логистика картасынан лайықты орнымызды иелену үшін жүйелі жұмыс және айқын іс-қимыл стратегиясы керек.
Үкіметке авиация саласында, соның ішінде әуемен жүк тасымалдау ісінде нақты нәтижеге жету міндеті жүктелді. Меніңше, еліміздің әлі күнге дейін Еуразияның әуемен жүк тасымалдайтын орталығы бола алмай отырғаны – кешірілмейтін қателік, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – нағыз абсурд. Үкімет жүк тасымалдайтын мемлекеттік әуе компаниясын құру барысында қате шешім қабылдады. Неге екені белгісіз, бұл міндетті «Қазақстан темір жолы» компаниясына жүктеді. Егер Үкімет тапсырманы орындауға қауқарсыз болса, бұл жұмысты жеке құрылымдарға өткізіп беріңіздер», деп сынға алды Президент.
Таяуда өткен кеңейтілген кеңесте авиаотынның қымбаттығы осы саланың дамуына кедергі болып отырғанын, оның бағасы тым қымбат болуына байланысты, көрші елдердің әуежайларындағы бағамен бәсекелесе алмайтынын, өзіміз 100 миллион тонна көлемінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, қара алтыны жоқ мемлекеттермен авиакеросин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырғанымызды тілге тиек еткен Мемлекет басшысы осы ретте, еліміздегі танымал экономистерге де, энергетиктерге де айтар қатаң сын-ескертпесі бар екенін, кадрлық шешім қабылдау қажет болуы да мүмкіндігін қаперге салды.
Жемқорлықты жоюдың зәрулігі
Мемлекет басшысы еліміздің басты стратегиялық мақсаты – экономиканың сапалы өсу қарқынын бәсеңдетпеу екенін айтты. Сол үшін инфляцияны төмендетуге қатысты жұмыстар қолға алынып, жаңа инвестициялық кезең басталғаны жарияланғанын, экономика және бизнес саласы жаңа салық режіміне көшіп жатқанын, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар фискалдық жүйедегі өзгерістің елді дүрліктірмей, бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, Салық кодексін қолдануға қатысты жұртшылықтың ойға қонымды, сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек. Қажет болса, түзетулер енгізген жөн. Түптің түбінде, Салық кодексі қасиетті кітап емес.
«Қоғамда өзгерістер жасаған кезде халықпен тиімді байланыс орнату аса маңызды. Азаматтардың өтініштеріне қатысты жүйелі жұмыс жүргізу халықтың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, олардың талап-тілегіне уақтылы жауап беруге жол ашады. Кейінгі кезде маған жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты шағымдар жиі келіп түсетін болды. Жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда мен бұған қатысты өз ұстанымымды айттым. Білім саласын мемлекет тарапынан қаржыландырудың қазіргі тәртібі бұрмаланған. Бұл олқылықты уақыт оздырмай түзету қажет. Жекеменшік мектептерге жүргізілген аудит нәтижесінде заңсыз және негізсіз шығындарға байланысты құқық бұзушылықтар анықталды. Бұл түйткіл жан басына сәйкес қаржыландыру жүйесінің осалдығынан туындап отыр.
Үкіметке білім саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалау жүктелді. Қаржыландырудың нақты критерийлерін әзірлеу керек. Осы орайда, орта білім беру жүйесін дамыту ісінде бизнес саласы маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн», деген Қ.Тоқаев мұндай, тіпті бұдан да зор мәселелер денсаулық сақтау саласында да туындап отырғанын айтты.
Сондай-ақ Президент Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын жан-жақты тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар мен қызмет бабын асыра пайдалану жайттары анықталғанына, мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көпе-көрнеу жалған деректер ұсынылып, өтірік мәліметтер енгізілгеніне тоқталды.
«Бүкіл ел экономикамызды өркендетіп, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмылдырып, денсаулық сақтау саласын дамытуға қаржысын жұмсап жатса, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражат талан-таражға түсіп жатыр. Медицина саласын дамытуға мемлекет 2024–2025 жылдардың өзінде 7,8 триллион теңге бөлді емес пе? Түсінікті болуы үшін айтайын, бұл – 15,5 миллиард доллар деген сөз.
Мемлекеттің білім және денсаулық сақтау саласына жұмсап жатқан қаржысы, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға арналатынын және Әділетті Қазақстанды құру стратегиясымен ұштасып жатқанын түсінген абзал.
Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлықтың қитұрқы амал-айласын тауып, пайдаға кенеліп жатқандарды анықтау тапсырылды. Мен Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беру туралы шешімін қолдаймын. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлы қарауының салдарынан Қорда осындай жағдай орын алып отыр. Бұл жағдайда патриотизм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан шенеуніктер адал болуға тиіс деген талап жалпы мемлекеттік ауқымдағы өзекті міндет болып қала береді», деді Мемлекет басшысы.
Шектен шыққан алаяқтар ұлттық қауіпсіздігімізге шындап қатер төндіруге айналғанын, медициналық сақтандыру қорында қомақты қаржы қолды болса, сол уақытта «Жедел жәрдем» қызметкерлері мен фельдшерлер алаяқтардың арбауымен наразылық акциясына шығып, әлеуметтік талаптар қоятынын айтқан Президент ел тұрғындарының да алаяқтардың құрбаны болып жатқанына назар аударды.
«Көптеген адам адал еңбекпен тапқан табысынан айырылып отыр. Алдауға сеніп, қылмыстық қаржы операцияларының қақпанына түсіп жатыр. Әлемде иммиграциялық алаяқтық та қатты ушығып тұр. Еуропа мен АҚШ-та не болып жатқанын баршаңыз көріп-біліп отырсыздар. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Себебі уақыт өткен сайын Қазақстан шетелдіктердің жұмыс істеуіне және тұрақтап қалуына қолайлы елге айналып келеді. Құқық қорғау органдары Қазақстан аумағында шетелдіктердің тұрақты тұруын заңдастыру үшін заңсыз құжат әперумен айналысқан алаяқтардың қылмысын әшкереледі.
Экономикалық немесе әлеуметтік саладағы алаяқтық қылмыстарға қарсы күресті күшейту қажет. Сондай-ақ ұсақ бұзақылардан, вандалдар мен ұрылардан бастап, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне және қоғамның тыныштығын бұзғысы келетін арандатушыларға дейін, қысқасы, заң мен тәртіпті бұзғандардың бәрін батыл түрде жауапкершілікке тарту қажет. Бұл – өте өзекті әрі ең басты міндеттің бірі», деді Қ.Тоқаев.
Цифрландыру үдерісі барлық жерде жаппай жүргізілетініне, сондықтан дербес деректерді заңнамалық тұрғыдан қорғауға, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек екеніне сөз арнаған Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе – халықаралық ахуал шиеленісіп тұрған заманда стратегиялық экономикалық серіктестерімізбен тиімді байланыс орнатуға да екпін берді.
«Біздің ұстанымымыз айқын: Қазақстан экономикалық интеграцияны қолдайды, осы үдеріске белсене атсалысады. Бірақ бұл ықпалдастық біздің мүддеміз тұрғысынан қарағанда әділ болуы керек. Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді. Біз еуразиялық ықпалдастықтың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне басымдық береміз. Саудадағы кедергілерді жою, негізсіз протекционизмге қарсы күресу жұмыстары жалғаса береді. Мәселен, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы орынсыз қысымға ұшырап отырғанын қалыпты жағдай деуге болмайды. Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы мемлекеттердің субсидия берілетін өнімдері көбейіп кеткендіктен, отандық тағам өнеркәсібінің өкілдері өнім өндіруді азайтуға мәжбүр. Ал бұл – біз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесі. Сондықтан интеграцияның әділ жүргізілуі қажет екенін айтып отырмын. Үкімет ұлт мүддесін қорғау үшін барынша белсенді жұмыс істеуге тиіс. Тараптардың мүддесі әділ ескерілетін орта тұсты тауып, Қазақстанның ұстанымын дәйекті, кәсіби түрде қорғау қажет. Сонда ғана экономикамызды халықаралық нарықтағы бәсекеге барынша қабілетті ете аламыз», деді Президент.
Ибраһим келісіміне қосылу – дұрыс шешім
Бүгінде әлем жаңа, бұрын-соңды болмаған құбылыстардың куәсі болып отыр. Президент бұған қазіргі қоғам да, кейінгі ұрпақ та бейімделуі қажет екенін айтты. Әрі дүние жүзінде сенім дағдарысы күшейе түскенін, жаһанда әскери шығындар рекордтық деңгейге жеткенін, яғни үш триллион долларға жуықтағанын тілге тиек етті. Ал 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы еселеп өсуі мүмкін.
Күн өткен сайын өрши түскен милитаризация халықаралық қоғамның әлемде әділ тәртіп құруға бағытталған күш-жігерін жоққа шығарып жатыр. Осындай күрделі жағдайда сыртқы саясаттың мән-маңызы арта түседі. Мемлекет басшысы оның барынша теңгерімді болып, мемлекеттің стратегиялық мүддесін қорғауға және ілгерілетуге бағытталуы керек екенін баса атап көрсетті.
«Жалпы, дипломатияда бұрыс шешімнің салдары өте ауыр болады. Мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүдделеріне орын толмас нұқсан келуі ықтимал. Бізге бұл жағдай жақсы таныс. Экономика саласында бір жоспарды немесе тұжырымдаманы басқа бір бағдарламалық құжатпен алмастыруға болады. Ал халықаралық шарттарға қол қойған соң одан бас тарта алмайсыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымынша, дипломатия – бұл ымыраға келудің, келісімнің баламасыз құралы. Бірақ қақтығыс пен дау-жанжалға апаратын жол емес. Кез келген қақтығысты егер шынайы ниет пен тиісті кәсібилік болса, еңсеруге болады.
«Мен Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдадым. Президент Трамп тарихтың астарын және қазіргі саяси ахуалды терең түсіне отырып жасаған мұндай келісімдер дипломатиялық инновация деуге болады. Ол Таяу Шығыста бейбітшілікті мықтап орнатуға арналған Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімінің дұрыс екеніне сенімді және оны жүзеге асыруға бар күшін салады. Бұл келісімнің түпкі мәнін түсіну үшін оның атауына назар аударуымыз керек. Авраам, яғни, Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есептеледі. Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында татулық болғанын қалаймыз. Сол себепті, осы келісімге қосылғанымыздың мән-мағынасы ерекше, бұл шешім еліміздің халықаралық беделіне оң серпін береді», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет екенін ескере отырып, еліміздің баршаға түсінікті әділ саясат ұстанымын әрдайым сақтайтынын жеткізді.

«Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек.
Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін өзге халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз. Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді», дей келе Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруге, өткенге байланбай, болашаққа ұмтылуға шақырды.
Әлем барлық салада ауқымды өзгерістерге ұшырап жатыр. Саясат пен экономикадан бастап, климат, технология саласына дейінгі барлық бағыттар динамикалық дамуда. Мемлекет басшысы мұндай жағдайда батыл әрі тосын инновациялық шешім қабылдап, еш нәрседен қорықпауымыз керек екенін ескертті.
«Мен Үкімет мүшелеріне «Егер әлдекімнен немесе әлденеден қорықсаңыздар, маған қызметтік хат жазыңыздар. Егер сіздер қабылдаған шешімнің, иә болмаса ұсыныстың пайдасы болатынын байқасам, оң резолюция қоямын. Бүкіл жауапкершілікті өзіме аламын» деп ескерттім. Осы үндеуді, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлер мен ғалымдарға қарата айтып отырмын. Үлкен әрі түбегейлі өзгерістер уақыты келе жатыр, тіпті, басталып кетті деуге болады. Еліміз жаңа тарихи әлемнен лайықты орнын иеленуі қажет», деді Президент.
Келешегімізді айқындайтын шешуші жыл
Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өтті. Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық.
«Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Мен былтыр 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойдым. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Елдік іске бейжай қарамайтын басқа да азаматтарымыздың бұл талқылауға қатысуы өте маңызды. Сондықтан e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Азаматтарымыз осы мәселеге қатысты өздерінің ой-пікірін білдіріп, ұсыныстарын жолдады. Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, зерделеп, парламенттік реформаны барлық жағынан қарастырды, өте маңызды жұмыс атқарды. Бұл бағыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым. Былтыр қазан айының ортасында Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткіздім. Желтоқсанның 2-сі және 29-ы күндері тағы екі жиын болды. Жаңа жылдан бері Жұмыс тобының мүшелері 3 рет бас қосты. Соңғы отырыс күні кеше ғана Құрылтай қарсаңында өтті.
Бір сөзбен, конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр. Бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қортындысы да осы пайымға келіп тоғысады. Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп қайтты. Олар халықтың осы бастамадан хабардар екенін және реформаны қолдап отырғанын айтуда. Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ», деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, жалпы бағыт-бағдарымыз – айқын. Әрі алдағы өзгерістерге қатысты ортақ мәміле бар. Еске салсақ, осыған дейін жұмыс тобы барлығын жан-жақты сараптай отырып, нақты пайымдары мен ұсыныстарын ортаға салған еді. Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді?» деген сауалдар жөнінде өрбіді. Президент бұл мәселені терең зерделеп, жан-жақты сараптап, мұқият өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдауға тиіс аса маңызды, тіпті шешуші мәселе деп бағалады. Сондай-ақ Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырды. Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауына қатысты пікірін білдірді.
«Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.
Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан, мәселе – санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс!
Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек», деп Қасым-Жомарт Тоқаев көптің көкейінде жүрген сауалға нақты жауап берді.
Одан кейін Мемлекет басшысы ұсыныстардың тағы бір бөлігіне тоқталды. Яғни Парламенттің негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі құзыреті туралы. Қазіргі Конституцияға сәйкес Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Жұмыс тобында осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Парламенттің келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылған. Бұған қоса, Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру қарастырылған. Негізінен бұл билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам.
Ал ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы болған. Президенттің сөзінше, депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
«Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным.
Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ бұл мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын», деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Жұмыс тобында партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылған. Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Қасым-Жомарт Тоқаев межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейту көзделгенін айтты. Есесіне, бүгінде осы норма тиімділігін көрсетіп, ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партия өтті. Сондықтан Президент бес пайыздық межені қалдыруды қолдады.
Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты. Осыған сәйкес жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделеді. Оның үстіне заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады.
«Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз. Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да – осы. Билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ.
Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қолға алған Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттыратын болады. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұған кәміл сенемін», деді Президент.
Қазақстанның Халық кеңесі құрылады
Реформалар қоғамның қажеттілігі мен мемлекеттің даму жоспарына сәйкес үздіксіз жалғаса беретін үдеріс. Мұны Мемлекет басшысы бұған дейін де бірнеше рет атап өткен еді. Қасым-Жомарт Тоқаев өзгеріс жасау мәселесі әбден пісіп-жетілгенін Жұмыс тобы аясында өткен талқылаулардың қорытындысынан анық байқауға болатынын айтты.
«Біз заңгерлер мен сарапшылардан, қоғам белсенділерінен парламенттік реформаға қатысты бес жүзден астам ұсыныс алдық. Еліміздің жалпы конституциялық құрылымына қатысты ұсыныстар саны бұдан үш еседей көп болды. Оның ішінде Жұмыс тобының құзыретіне кірмесе де, нақты негіздемесі бар, мұқият қарастыруды қажет ететін мәселелер де болды. Мысалы, қоғамды өңірлер мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің мемлекеттік билік жүйесінде болуына қатысты жайттар алаңдатады. Бұл жайында депутат бүгін Пономарев баяндады. Мұның елеусіз қалдыруға болмайтын, маңызды мәселе екені сөзсіз. Сондықтан оған мемлекет мүддесін ескере отырып, зор жауапкершілікпен қарау қажет. Жоспарланған өзгерістің бәрі үйлесімді болып, бірін-бірі толықтырып отыруы керек, ешқашан өзара қайшылыққа әкеп соқтырмауға тиіс.
Қазақстандағы бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі конституциялық қағидаттарға негізделген. Елімізде билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан дәстүрі бар. Менің мызғымас ұстанымым – осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсу қажет», деді Мемлекет басшысы.
Президент сөз арасында реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет екеніне баса назар аударды. Оның пайымынша, халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс. Осы орайда ол Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынды.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға болады. Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге Халық Кеңесі басқа елдердегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді.
Қазақстанның Халық кеңесі мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды. Халық кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілу қажет екенін жеткізді. Әрі жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық кеңесінің жоғары органы рөлін атқаратынын айтты. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелеріне қатысты негізгі қызметі кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жаңа органның негізгі міндетінің бірі болады. Президент бұл мекеме мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ережелеріне тоқталып, насихаттау жұмысымен айналысатынын ашып түсіндірді. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де кеңестің құзыретіне кіретінін, Халық кеңесінің мәртебесі мен оны құру тәртібі Конституцияның арнайы бөлімімен және конституциялық заңмен реттелетінін тілге тиек етті.
Ата заңға өзгерістер енгізіледі
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңның мәтініне қатысты кәсіби заңгерлер пікір білдіргенін, олар Конституциямыздың кейбір тұстарын нақтылай түсу қажеттігіне назар аударғанын айтты. Әсіресе Мемлекет басшысын сайлау мәселесіне қатысты маңызды ұсынысты ортаға салды.
«Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді.
Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс!», дей келе Президент Конституциямыздың мәтінінде жекелеген қателер бары анықталғанын, осы олқылықты Конституциялық реформа аясында түзетуіміз керек екенін жеткізді.
Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары шақырылады. Мемлекет басшысы атап өткен тағы бір маңызды мәселе – Ата заңның Преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазу. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Осылайша, Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.
«Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек. Негізгі заңға, соның ішінде, Преамбуланың жаңа мәтініне құқықтық мемлекет құруға, сондай-ақ табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты қағидаттарды енгізу керек деп санаймын. Мемлекет құрылысына қатысты осы қағидаттың бәрі – ешқашан ескірмейтін, әрдайым өзекті болып қала беретін және қайта қарауға жатпайтын мызғымас қағидаттар. Біз Ата заңда еліміздің зайырлы мемлекет екенін әйгілейтін нормаларды сақтап, күшейте түсуіміз қажет. Конституциямыз заман талабына сай болуы керек.
ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жылдам жүріп жатыр, тұрақты және аса қарқынды сипатқа ие болды. Жоғары технология адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсерін тигізе бастады. Болашақта бұл үрдіс үздіксіз жалғаса беретіні анық. Сондықтан еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі Ата заңда міндетті түрде аталып өтуі қажет. Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек деп санаймын.
Мен әзірге келіп түскен ұсыныстардың негізгі тұстарына тоқталып өттім. Осылайша, конституциялық реформаның жалпы сұлбасы шығып келеді. Жарты жыл бойы өткізілген пікірталастар мен талқылаулар кезінде алдағы реформаға қатысты басты ұстанымдар айқындалды. Бұл ұстанымдар бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Тиісті байланыс арналары арқылы халықтан келіп түскен идеялар мұқият сараланды. Ойға қонымды бастамалар барынша ескерілді. Халықтың қолдауына ие болса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Вице-президент лауазымы туралы
Президент Құрылтай мүшелерінің еліміздегі ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып жүргенін атап өтіп, олар өзгерістердің логикасын жақсы түсінетінін айтты. Сондай-ақ ол саяси жаңғырудың басты мақсаты – Қазақстанның әлеуетін арттыру және мемлекеттілігіміздің қазіргі заманғы сын-қатерлерге дайындығын күшейту екенін еске салды.
«Мемлекеттік институттардың түпкі мәнін өзгерту және олардың өзара байланысын жақсарту маңызды. 2022 жылғы конституциялық реформалардың нәтижесінде біз саяси жүйені теңгерімді етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға арналған шаралар қабылдадық. Заң үстемдігін нығайтып, құқықтық мәдениетті орнықтыру үшін Конституциялық сот құрылды. Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданған соң сот үкімдері азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына көбірек шешіле бастады. Олардың өз заңды мүдделерін табысты қорғауына жол ашылды. Кассациялық соттардың құрылуы және Адам құқығы жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебеге ие болуы азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Біз сайлау жүйесін және өкілді органдарды жасақтау тәртібін жетілдірдік, олардың саяси ықпалы мен құзыреттері едәуір күшейтілді. Жаңа сайлау моделі Парламентке және мәслихаттарға түрлі идеологиялық көзқарастағы адамдарға және саяси партиялар өкілдеріне жол ашып берді. Ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілгеннен кейін атқарушы билік тармағы жаппай жаңарды. Мемлекет басшысының туыстарына басқару жүйесіндегі жоғары әрі негізгі лауазымдарды иеленуге тыйым салынуы аса маңызды конституциялық жаңалық болды. Осылайша, жан-жақты өзгерістер сот, заң шығару, атқару сияқты билік тармақтарының бәрін қамтыды. Бұл өзгерістер орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де болды. Бұдан бөлек, жоғарғы билік деңгейінде, яғни Президенттік институтта да елеулі өзгерістер жасалды», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырылған және жоспарланып отырған өзгерістер асығыс қабылданған немесе белгілі бір жағдайға байланысты туындаған шешімдер емес екенін баса айтты. Оның сөзінше, бұл реформалар мемлекет мүддесі мен халық игілігі тұрғысынан мұқият ойластырылған. Сондықтан бастамалардың барлығы елді жан-жақты жаңғыртудың ұзақ мерзімге арналған біртұтас стратегиясына тоғысып отыр. Оң әрі тұрақты нәтижеге жету үшін эволюциялық жолмен жүру, кезең-кезеңімен әрекет жасау, сондай-ақ қоғамды жаңа саяси және экономикалық ахуалға бейімдеу қажет.
«Әр нәрсенің өз уақыты бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында да осындай сәт туып тұр деп санаймын. Сол себепті жаңадан маңызды ұсыныс айтқым келеді. Мен ұсынатын жаңашылдықты біз бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні деуге болады. Әңгіме Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру, тиісінше оны Конституцияда бекіту туралы болып отыр. Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Мемлекет басшысы өзі белгілейді.
Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:
– Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
– Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;
– Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;
– Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.
Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты осы негізгі ережелерді де Конституция мәтінінде көрсеткен жөн болар еді.
Қазіргі Парламенттің қызметін қамтамасыз етіп отырған аппараттық құрылымның бір бөлігі және Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады. Президент Әкімшілігінің міндеттері мен құрылымы іс жүзіндегі қажеттілікке сәйкес реформаланады. Вице-президент лауазымы бірқатар мемлекетте бар. Біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару үдерісін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді. Осы конституциялық жаңашылдық Президент билігі институтының өзі әлсірейді дегенді білдірмейтінін атап өткім келеді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты лауазым болып қала береді. Қазақстанның Президенттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиімділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп сенемін», деді Президент.
Негізі 2022 жылғы жүйелі өзгерістермен қатар алып қарағанда, алдымызда тұрған реформаларды жүзеге асыру – 1995 жылы осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бекітілген үлгіден мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшу деген сөз. Осы бастамалар жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз тарапынан қолдау тапқан жағдайда Қазақстанның мемлекеттілігі, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғырып, еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілмек. Мемлекет басшысы осылайша, бір ел, бір халық болып, қазіргі алмағайып заманның сын-қатерлеріне төтеп береміз, оларды еңсереміз дейді.
Жалпы, бастапқыда парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болған. Еске салсақ, 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарды. Президент ендігі өзгеріс одан да ауқымды деп отыр.
«Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз. Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын. Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз», деді Президент.
Негізінен осы уақытқа дейін әлемдегі ахуал тым шиеленісіп тұрғанына қарамастан, елімізде күрделі әрі түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды. 2022 жылғы конституциялық реформа, одан кейін Атом электр стансасын салуға қатысты референдум кезінде халықтың басым көпшілігі Президентті қолдады. Осы орайда Мемлекет басшысы дүйім жұртқа өз ризашылығын білдірді.
«Мен әрбір шешімді елге қажеттігі тұрғысынан мұқият саралай отырып қабылдаймын. Азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жұмыспен айналысу мен үшін бәрінен маңызды. Халықтың қамы, ұлттың, мемлекеттің мүддесі – мен үшін баға жетпес құндылық. Алдағы уақытта да елімізді дамытып, Тәуелсіздігімізді нығайта түсу жолында бар күш-жігерімді салып, еңбек ете беремін. Осы орайда, стратегиялық бағдарымды үнемі қолдап келе жатқан барша халыққа және осы залда отырған еліміздің лайықты азаматтарына шын жүректен ризашылығымды білдіремін және зор алғысымды айтамын.
Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады. Біз аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқардық. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бірге қаладық. Сіздер еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани болмысын өзгерту жолында зор еңбек еттіңіздер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар. Алдағы уақытта да біз бірге ел игілігіне қызмет ете береміз деп сенемін. Бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорытындылай келе, ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталғанын мәлімдеді.
«Қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек. Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.
Марапат – еңбектің бағасы
Жиын соңында Ұлттық құрылтайдың қызметіне белсене атсалысып, реформалардың табысты жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойғанын айтты.
Атап айтқанда, елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Барыс» орденімен қызылордалық еңбек ардагері Самұрат Имандосов, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» ҚБ төрағасы Азат Перуашев; II дәрежелі «Барыс» орденімен «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай, «Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы» ЖШС ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов; III дәрежелі «Барыс» орденімен «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Бектұрғанов, жазушы Сәуле Досжан, Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Нұртай Сабильянов, адвокат Айман Омарова, Атырау облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Максим Ізбасов наградталды.
Ал қызылордалық еңбек ардагері Сәби Аңсат, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, адвокат Айдын Бикебаев, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ президенті Рауан Кенжеханұлы, еңбек ардагері Айтбай Көшербаев, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Ибадулла Құттықожаев, Мәжіліс депутаттары Сергей Пономарёв пен Ерлан Сайыров, актер Азамат Сатыбалды, «Media Holding «Atameken Business» ЖШС бас директоры Қанат Сахариянов, «Тандем» телерадиокомпаниясы» ЖШС бас директоры Тәттігүл Талаева, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, «А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты» РМК директоры Анар Фазылжан «Парасат» орденімен марапатталды.
«Ел бірлігі» ордені Мәжіліс депутаты Наталья Дементьеваға берілсе, «Құрмет» орденін кеудесіне таққандар қатарында «Экономикалық саясат институты» мекемесінің президенті Қайырбек Арыстанбеков, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» ҚБ төрағасы Азаматхан Әміртаев, «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының басшысы Эмин Әскеров, «Amanat» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Раббим Борашов, «Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» КММ директоры Қайрат Жәлімбетов, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ләззат Қожахметова, «Қытай зерттеушілері қауымдастығы» ҚҚ төрағасы Қазыбек Майгелдинов, жазушы Серік Сарыбай, Павлодар облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Серік Сәдуақасов, кәсіпкер Сырымбек Тау, білім мәселелері жөніндегі сарапшы Қайсар Тұрсынқожаев, Мәжіліс депутаты Никита Шаталов бар.
Сонымен қатар журналист Нұрбек Матжани мен «Хабар» телеарнасының редакторы, жүргізушісі Мейірбек Сұлтанхан «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ассамблея жастары» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Елена Пак «Шапағат» медалімен марапатталса, қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы пен саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысында, сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов, саясаттанушы Марат Шибұтов, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы Сергей Пономарев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы – ректоры Лаура Қарабасова да сөз сөйлеп, келелі ойларын ортаға салды.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»




