Қазір – ақыл-ой және дарын иелерінің заманы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Бесінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі еліміздің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты нақты бағыт-бағдар берді.
Мемлекет басшысы: «Жастарымыз, ең алдымен, зияткерлік қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, еңбекқор болуы қажет. Қазір – ақыл-ой және дарын иелерінің заманы. Қазақстан да осы көштен шет қалмауға тиіс», – деп атап өтті. Бұл ойлар білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы үшін аса маңызды.
Президенттің озық білім мен қажырлы еңбекті ұштастыру арқылы ғана елдің өсіп-өркендейтіні туралы пікірі мектеп қабырғасындағы тәрбие мен оқытудың негізгі өзегіне айналуы тиіс. Бүгінгі мектептің басты міндеті – білімді ғана емес, сонымен қатар қанағатшыл, үнемшіл, еңбекқор, өнертапқыш, мақсатқа ұмтылатын саналы тұлға қалыптастыру.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қоғамды алаңдатып отырған лудомания, жастардың теріс жолға түсуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі секілді өзекті мәселелерге де назар аударды. Бұл бағытта мектепте ата-анамен бірлескен тәрбие жұмыстары, түсіндіру шаралары, психологиялық қолдау мен алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет.
Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар – білім беру ұйымдары үшін нақты бағдар. Біз, мектеп ұжымы, Президент жүктеген міндеттерді орындау жолында оқушыларды білімді, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, ел болашағына бейжай қарамайтын азамат етіп тәрбиелеуге бар күшімізді саламыз.
Б.Абдуллина, №4 Мәртөк мектеп-гимназиясының директоры.



