Конституцияға қылмыстық процесте прокурор мен адвокаттың мәртебесін тең ететін норма енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Ата заңға адвокаттардың мәртебесін нығайтатын нормалардың енетінін ерекше қуанышты жаңалық деп сипаттады.
— Мен үшін ерекше маңызды әрі қуанышты жайт — адвокатты Конституция деңгейінде қылмыстық процесте прокурормен тең дәрежедегі тарап ретінде бекіту туралы ұсыныстың қолдау табуы. Жобаға алғаш рет адвокаттардың құқықтық мәртебесіне арналған арнайы бап енгізіліп отыр. Бұл бізге процестің өзге қатысушыларымен тең жағдайда азаматтың құқықтарын қорғауға нақты мүмкіндік береді, — деді Мәди Мырзағараев.
Оның пайымдауынша, өзгертулер жобасына енгізілген жаңа нормалар қоғамның күткен сұраныстарына сай келеді.
— Себебі олар адамның енгізгі құқықтарына тікелей қатысты. Атап айтқанда, «жауапкершілікті күшейтетін заңның кері күші болуы мүмкін бе» деген мәселе, сот шешімінсіз ұстауға жол бермеу кепілдіктері, құқық қорғау органдарының ұсталған азаматқа сол сәттің өзінде оның құқықтарын түсіндіру міндеті секілді түйінді сұрақтар қамтылған, — деді Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы.
Еске салайық, Конституциялық комиссияның V отырысын Kazinform агенттігінің ресурстарынан көруге болады.
Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді.




