Respublica партиясы активінің кеңейтілген отырысы: конституциялық реформаны қолдаудың бағыты айқындалды

Жиынға партияның саяси кеңес мүшелері, Парламент пен мәслихат депутаттары, әйелдер және жастар қанатының өкілдері қатысып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы жан-жақты талқыланды.
Кездесу негізгі заңға салмақты көзқараспен қарап, ортақ партиялық ұстанымды қалыптастыруға арналған ашық диалог алаңына айналды.
Отырысты ашқан партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров ұсынылып отырған құжатты мемлекеттің дамуы үшін сапалық тұрғыдан жаңа кезең деп бағалап, талқылаудың бағытын айқындады.
«Бүгін біз мазмұны терең, мәні бөлек құжатты талқылап отырмыз. Жаңа Конституция – мемлекет пен азамат арасындағы жаңартылған қоғамдық келісім», — деді ол.
Төраға құжатта унитарлы құрылым мен аумақтық тұтастықтың мызғымай сақталғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар жаңа жобаның өзегінде адамға бағытталған, азаматтың құқығы мен қадірін алдыңғы орынға қоятын көзқарас бар екенін айтты.
«Respublica үшін бұл – қағида. Біз мемлекет адам үшін қызмет етуі керек деп есептейміз», — деп түйіндеді Айдарбек Қожаназаров.
Өңірлік партия жетекшілері реформаның практикалық қырларына тоқталды. Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Әубәкіров ғылым мен инновацияның Конституцияда бекітілуі жоғары технологиялы экономикаға өтудің берік негізі екенін атап өтті.
«Қарағанды өңіріндегі бизнес қауымдастық пен азаматтық қоғам жаңа Конституция жобасын қолдайды. Біз бұл реформаны әлеуметтік әділеттіліктің тірегі, мемлекетке деген сенімді нығайтатын және ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықтың құралы деп көреміз», — деді ол. Сондай-ақ бір палаталы Құрылтайды қалыптастыруда саяси партиялардың рөлін күшейтудің маңызын атап өтті.
Re.Women әйелдер қауымдастығы мен ReJastary жастар қозғалысының өкілдері реформаны азаматтық қатысуды кеңейтетін нақты тетік ретінде қолдайтындарын білдірді. Атырау облысындағы Re.Women қауымдастығының төрайымы Гүлназ Кәрімжан қоғамдық диалогты кеңейту мен Халық кеңесі секілді институттардың енгізілуі ашықтық пен әділет қағидаттарына сай келетінін айтты.
«Re.Women қауымдастығы жаңа Конституция жобасын қолдайды. Бұл құжат ел дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз», — деді ол.
Шығыс Қазақстан облысындағы ReJastary үйлестірушісі Жігер Сәрсенбаев Конституцияда бекітілген «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары жастардың әлеуетін іске асыруға және ел өміріне жауапкершілікпен араласуына негіз болатынын атап өтті.
«Әділетке және құқыққа сүйенген мемлекет ең алдымен жас ұрпақтың тағдырын айқындайды», — деді жастар қауымдастығының өкілі.
Отырыста сондай-ақ Мәжіліс депутаттары, Respublica партиясы фракциясының мүшелері Нұргүл Тау, Олжас Құспеков, Айтуар Қошмамбетов, Екатерина Смолякова, Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұржігіт Хайруллаев, Павлодар облыстық филиалының төрағасы Амангелді Маханбет, Астана қалалық филиалының төрағасы Шыңғыс Түсіпбаев сөз сөйлеп, ұсынылып отырған өзгерістер аясында ұлттық бірлікті нығайту мен жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін арттырудың маңызын өңірлік тұрғыда баяндады.
Талқылау қорытындысында ортақ әрі айқын шешім қабылданды: Respublica партиясы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қолдайды. Қатысушылар бұл құжатты азаматтардың әл-ауқатына бағытталған, әділетті әрі берік мемлекет құрудың негізі деп бағалады. Партия алдағы жалпыұлттық талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін білдіріп, барша азаматтарды елдің болашақ Негізгі заңын қалыптастыруға атсалысуға шақырды.
Дереккөз: https://respublica-partiyasy.kz/news/2301?lang=kz-KZ




