Өңірлік коалиция құрылды

Ақтөбе облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалициясы құрылды. Оның құрамына саяси партиялардың өңірлік құрылымдары, 20-дан астам үкіметтік емес ұйым мен қоғамдық бірлестіктің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, әртүрлі сала өкілдері кірді.
Отырысқа қатысушылар Жаңа Конституция жобасын толық қолдайтынын жеткізіп, оның маңызына тоқталды. Сондай-ақ мемлекеттік құрылым қағидаттарын, азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттерін айқындайтын құжаттың айқын басым-бағыттарын талқылады.

Жиында сөз сөйлеген облыстық коалиция жетекшісі Ербол Данағұлов Жаңа Конституцияда ең алдымен адамға басымдық беріліп, азаматтардың құқықтарын кеңейтетін жаңа нормалардың енгізілгенін жеткізді.
— Біздің жаңа Ата заңымызда Мемлекеттің басты байлығы жер қойнауы емес, адам және білімді жас ұрпақ екені айқын көрсетілген. Билік тармақтарының тепе-теңдігі нығайып, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігі кеңейеді. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік институттарды азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағыттап, олардың тұрақты әрі тиімді жұмыс жасауын қамтамасыз етеді, — деді ол.
Жиында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Серік Шаңғұтов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, «Қазақстан Халық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы төрағасының орынбасары Марат Нұркеев, «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ұлан Қозыбақов, «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы  Дана Бекбауова сөз сөйледі.
— Жаңа Конституция — құқықтық құжат қана емес, бұл елдің ертеңіне жасалған маңызды қадам. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақтыланып, білім мен ғылымға басымдық берілген. Сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік секілді жаңа нормалар да дер кезінде қабылданған. Конституция мәтініне әртүрлі өзгерістер енгізердің алдында халықпен ашық диалог болды. Он мыңнан астам халықтың ұсынысы есепке алынды. Сондықтан жаңа мәтіндегі Конституция — заңдардың жиынтығы емес, билік пен халық арасындағы сенім көпірі. Алдағы бір ай ішінде біз бұл бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, — деді колация мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұлдыз Қожабекова.
Облыс бойынша коалиция құрамында 500-ге жуық адам бар. Олар жаңа Ата заңның тарихи маңызын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру және құжатты қолдауға жұмылдыру мақсатында өңірдегі еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездеседі. Жаңа Конституция жобасын талқылау бойынша облыс көлемінде 1336 іс-шара өткізу көзделген.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.