Жаңа Конституция жобасы қазақ тілінде жатық жазылған – заңгер

 

Жаңа Конституция жобасы алдымен қазақ тілінде ұғынықты жазылып, кейін ресми тілге аударылды. Бұл туралы Қазақстан Заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында айтты.

Оның сөзінше, жаңа Ата заң жобасы жастың да, жасамыстың да танымына сай, түсінікті жазылған. Өйткені, конституциялық комиссияының 12 отырысында, одан бөлек көптеген секциялық отырыста филологтар әр әріпке баса мән беріп, мәтіннің сауатты болуын қадағалаған.

– Біздің заң техникасы бойынша да, грамматикалық жағынан – қай жағынан алып қарасақ та, өте жетік жазылған. Кімге болса да, түсінікті. Мәселен, преамбуланы бала оқыса да түсінеді. Бірақ бастысы тыңдау емес, оқу керек. Әр адам зейін қойып отырып оқыса, көп нәрсені түсінеді, – деді Серік Ақылбай.

Сондай-ақ заңгер жаңа Ата заң жобасының, әсіресе, 3-бабы айрықша көңілінен шыққанын айтты.

– Жаңа Конституция жобасының 3-бабында мемлекеттің міндеттері көрсетілген. Ең басты принцип – адамның құқығын, өмірін, денсаулығын, қауіпсіз еңбек ету мүмкіндігін – бәрін мемлекет өз мойнына алып, кепілдік береді. Ең алдыңғы орынға адам қойылып отыр. Ал мемлекет адамға қызмет етіп, құқығын қорғап, кепілдік береді, – деді Қазақстан Заңгерлер одағының төрағасы.

Дереккөз: inform.kz