КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – елдің саяси және құқықтық дамуына бағытталған маңызды стратегиялық құжат.
Бұл Негізгі заң мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, қоғам мен билік арасындағы жауапкершілікті күшейтуге арналған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген саяси реформалар қоғам тарапынан кең қолдау тауып, нәтижесінде конституциялық өзгерістерді әзірлеу жұмысы басталды. Ел өңірлерінен түскен ұсыныстар негізінде 2026 жылғы қаңтарда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, оның жұмысы ашық форматта жүргізілді. 2026 жылғы 31 қаңтарда жаңа Конституцияның жобасы жарияланды.
Жаңа Конституция қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын, егемендік пен аумақтық тұтастықтың мызғымастығын бекітіп, «Әділетті Қазақстан» және заң үстемдігі қағидаттарын басты бағдар ретінде айқындайды. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгіленіп, әділ сотқа қол жеткізу, жеке өмірге қолсұғылмаушылық, дербес деректерді қорғау және экологиялық жауапкершілік конституциялық деңгейде күшейтілді.
Мемлекеттік басқару жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты бекітіліп, билік тармақтары арасындағы теңгерім арттырылды. Парламенттің заң шығару және бақылау функциялары кеңейтіліп, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған Конституциялық сот пен өзге де институттардың мәртебесі нығайтылды. Конституцияға өзгерістер енгізу тек жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылады.
Қорытындылай келе, жаңа Конституцияның жобасы – әділдікке, заң үстемдігіне және қоғамдық келісімге негізделген тұрақты мемлекет құруға бағытталған маңызды тарихи қадам.
Тыныспаев Еламан




