ЖҰМЫСШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

«Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында жұмысшылармен кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Әлішев пен Дания Еспаева, өңірлік штаб төрағасы Ербол Данағұлов, жергілікті мәслихат депутаттары қатысты.
Мәжіліс депутаты Дания Еспаева жаңа жобада адам құқығын қорғау тетіктері күшейтілгеніне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, неке және отбасы институтына қатысты нормалар нақтырақ айқындалған. Сонымен қатар азаматтардың мүліктік құқын қорғауға бағытталған өзгерістер бар.
— Бұрын несие төлемеген жағдайда тұрғын үйді кепілден өндіріп алу мәселесінде түрлі дау туындайтын. Енді мүлікті алып қою тек заң аясында, сот шешімімен жүзеге асады. Ешбір қаржы ұйымы соттың шешімінсіз азаматтың үйін немесе мүлкін тартып ала алмайды, — деді Дания Еспаева.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын жеткізді. Ол билік тармақтарының тиімді өзара іс-қимылы, қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті арттыру мәселелеріне тоқталды.
Кездесу барысында қатысушылар Ата Заң жобасының ел дамуының жаңа кезеңіне негіз болатынын айтып, жұмысшыларды референдумға қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырды.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.