Қаратоғай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өтті

 

Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов Қаратоғай ауылының тұрғындарымен кездесіп, 2025 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды таныстырды. Кездесу барысында аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Омарғалиев интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдарын түсіндіріп, сақтық шараларын күшейтуге шақырды. Сондай-ақ жиында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары тілге тиек етілді.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында Жасыл, Нұрлы және Жеңіс көшелеріне 1,2 шақырым қиыршық тас төселіп, тегістелді. Мәртөк – Родниковка бағытындағы жолдың Қаратоғай тұсында су өткізу құрылысы салынып, асфальт жабындысы жаңартылды. Ауылға кіреберіс жолда да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында ауылдың шығыс бөлігінде 2,5 шақырым су арнасы кеңейтілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 3 гектар аумақ тазартылып, 2,5 тонна қалдық шығарылды.

Сонымен қатар Қаратоғай ауылынан 18 пәтер сатып алынып, олар «Отбасы банк» арқылы кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады. Тұрғындар көтерген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады.