Жайсаң және Көкпекті ауылдарының тұрғындарымен кездесу өтті

 

Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов Жайсаң және Көкпекті ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық даму барысын, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды талқылады. Жиында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, оның қоғам өміріндегі маңызы айтылды.

Кездесуге аудандық полиция бөлімінің басшысы қатысып, интернет-алаяқтықтың алдын алу шараларын түсіндірді. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп маңында жол белгілері мен жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылғаны атап өтілді.

Инфрақұрылым саласында «Жайсаң–Көкпекті» жолының проблемалық учаскелері ретке келтіріліп, су өткізгіш құбырлар орнатылды, электр бағаналары мен көше шамдары жаңартылды. Шекара қызметі нысандары табиғи газға қосылды.

Жайсаң ауылында 12 пәтер сатып алынып, олар «Отбасы банк» арқылы кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Алдағы уақытта Садовая көшесіне күрделі жөндеу жүргізу және ветеринариялық пункт салу жоспарланып отыр. Ауданды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.