ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

 

Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық іргетасы, ел дамуының басты бағдарын айқындайтын негізгі құжат. Қазақстанда қабылданған жаңа Конституциялық өзгерістер мемлекетіміздің саяси жаңғыру жолындағы маңызды белеске айналды. Бұл реформалар ел басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, қоғамдағы әділдік қағидатын нығайтуға бағытталған.

Соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған Конституциялық өзгерістердің басты мақсаты – халықтың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттыру.

Жаңа Конституцияда адам құқықтарын қорғауға ерекше мән берілді. Соның айқын дәлелі – Конституциялық Соттың құрылуы. Енді азаматтар өз құқықтарының бұзылғанын сезінсе, тікелей осы органға жүгіну мүмкіндігіне ие. Бұл – құқық үстемдігін нығайту жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар өлім жазасының толық жойылуы да мемлекетіміздің адам өмірін ең жоғары құндылық ретінде бағалайтынын көрсетеді.

Конституциялық реформалар билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтуді де көздейді. Парламенттің рөлі артып, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының бір бөлігі мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болды. Бұл өз кезегінде халықтың саяси өмірге белсенді араласуына және елдегі маңызды шешімдерді қабылдауға ықпал етеді.

Мұндай оң өзгерістер өңірлерде де нақты көрініс табуда. Ауданымызда да мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары жүйелі жүзеге асырылып келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру, білім мен мәдениет салаларын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар елдегі реформалардың жергілікті деңгейдегі нәтижесін көрсетеді.

Әсіресе жастардың қоғамдық белсенділігі артып келеді. Түрлі жастар форумдары, мәдени-көпшілік шаралар мен спорттық фестивальдер жас буынның ел болашағына бейжай қарамайтынын аңғартады. Бұл – жаңа Конституция қалыптастырып отырған белсенді азаматтық қоғамның айқын белгісі.

Мәртөк ауданы көпұлтты өңір ретінде әрдайым татулық пен бірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Әртүрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ауданның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Қоғамдағы өзара сыйластық пен келісім – тұрақты дамудың басты кепілі.

Бүгінде жаңа Конституция – еліміздің жаңару жолындағы берік құқықтық негізге айналды. Ол мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Ең бастысы, Конституциялық реформалар – ел болашағына жасалған стратегиялық қадам. Әділдік, ашықтық және халық мүддесі – осы өзгерістердің басты өзегі. Сондықтан әрбір азамат жаңа Конституцияның маңызын түсініп, ел дамуына белсенді атсалысқанда ғана біз Әділетті Қазақстанды бірге құра аламыз.

 

Искарин Ануар Есімханұлы

аудандық мәслихат депутаты