Ақтөбеде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында зияткерлік «Quiz» сайысы ұйымдастырылды

11 наурыз күні Ақтөбе қаласы №51 мектеп-гимназиясында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Экосана: жаңа қоғамдық мәдениет» тақырыбында «Quiz» интеллектуалды сайысы өтті.

Іс-шараның мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, белсенді азаматтық ұстанымды нығайту, сыни ойлауды дамыту және экологиялық бастамаларды іске асыруға ықпал ету.

Шараға 150-ге жуық оқушыр мен мұғалім қатысты.

Интеллектуалды сайыс барысында оқушылар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық жауапкершілік және тұрақты даму тақырыптары бойынша білімдерін сынап, өзара пікір алмасып, логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрып, қатысушылардың білім деңгейін, тапқырлығы мен командалық жұмысын айқындауға бағытталды.

Шара аясында оқушылардың қоршаған ортаны қорғау тақырыбына арналған шығармашылық көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеде экологиялық мәдениетті насихаттайтын суреттер, қолөнер бұйымдары, қайта өңделетін материалдардан жасалған жұмыстар ұсынылып, табиғатты аялау идеясы кеңінен дәріптелді.

 «Бүгінгі ұйымдастырылған интеллектуалды сайыс – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай танымдық әрі тәрбиелік мәні бар шаралар арқылы оқушылардың экологиялық санасы қалыптасып, белсенді азаматтық ұстанымы нығаяды. Болашақта табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларға жастар белсенді қатысады деп сенемін», – деді іс-шара спикерлерінің бірі №51 гимназия-мектебінің директоры Индира Бексұлтанова

Іс-шараға қатысушы, Ақтөбе қаласы № 51 гимназия – мектебінің 10 сынып оқушысы Мирасхан Құбантаев та өз пікірімен бөлісті

«Бүгінгі интеллектуалды сайыс біз үшін өте қызықты әрі пайдалы болды. Экология тақырыбында жаңа мәліметтер алып, табиғатты қорғаудың маңыздылығын тереңірек түсіндік. Осындай шаралар бізді қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға ынталандырады», – деді ол.