«AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті.

 

Отырыстың күнтәртібінде Мәртөк ауданының көктемгі су тасқынына дайындығы, ауданындағы жалпы орта білім беретін мектептерде инклюзивті білім беруді ұйымдастыру және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасау мәселесі және ауданы бойынша әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар тыңдалды.

Аталған мәселелер бойынша тиісті бөлім басшылары мен округ әкімдері баяндама жасады. Мәлім болғандай, биылғы жылы Мәртөк ауданы бойынша көктемгі су тасқынынан қауіп төмен. Соңғы жылдардағы көктемгі су тасқынынан алған тәжірибиеге байланысты дайындық жоғары.

Әлеуметтік сала бойынша биылғы жылы ақылы қоғамдық жұмыс орындарына берілетін квота қысқартылды. Жұмыссыз азаматтарға уақытша табыс табуға мүмкіндік беретін бұл бағдарлама аясындағы мұндай өзгерістер бюджет қаражатына байланысты болып отыр. Жыл сайын әлеуметтік осал топтардың кәсіп ашуына қолайлы жағдай жасау бағытында берілетін мемлекеттік грант бойынша да мәселе бар. Биылғы жылы жоспар бойынша мемлекеттік грантты 15 адам ғана ала алады. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне соңғы жылдағы мемлекеттік гранттың тиімділігі бойынша сараптама жасап жолдауды ұсынды.

Аудандағы жалпы орта білім беретін мектептерде инклюзивті білім беруді ұйымдастыру және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасау мәселесі бойынша баяндама жасауға тиіс аудандық білім саласының жауапты басшысы отырысқа қатыспауына байланысты комиссия мүшелері бұл жағдайды жауапкершіліктің жеткіліксіздігі деп бағалады.

Осыған байланысты аталған мәселені келесі комиссия отырысында қайта қарау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, егер мұндай жағдай қайталанатын болса, мәселені «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Саяси кеңес Бюросының отырысында қарау ұсынылды.