Ойыма ой қосады

Мен оқыған 10 кітап
23 сәуір — Ұлттық кітап күніне орай «Мен оқыған 10 кітап» акциясына өз үлесімді қосуды жөн көрдім. Себебі кітап оқу — мен үшін жай ғана уақыт өткізу емес, жаныма ләззат сыйлайтын сәт.
Әр шығарма терең мазмұнымен жүрегіме із қалдырып, ойыма ой қосады. Кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге мұңайып, бірге өмір сүргендей боламын. Мәселен, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты» адам жанының тазалығы мен махаббаттың шынайы болмысын терең жеткізеді. Танаш Дәуренбековтің «Таңдамалы шығармаларында» бір ғана киноның билеті ерлі-зайыптылардың өмірін түгел өзгертіп, өмір жолында кездесетін адалдық пен сатқындық, әділдік пен әділетсіздіктің қырын ашып, оқырманды ойға жетелейді. Кәрім Баялиевтің «Ар жазасы» қылмыстың өтеуі жаза екенін түсіндіріп, қылмыскер психологиясына үңіледі. Дулат Исабековтің «Сүйекші» шығармасы тағдыр мен адам болмысының күрделі қырларын ашса, Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» повесі күрес, намыс, рух биіктігін айқын көрсетеді. Табандылықтың адамды жеңіске жеткізетінін сипаттайды. Сондай-ақ Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесін оқысаң, балалық шағың есіңе түсіп, өткенді сағынасың. Негізінде бұл шығарма соғыс жылдарындағы тағдырларды талдайды. Ал Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным?» шығармасы — жүрекке мұң ұялататын, терең сезімге жетелейтін туынды. «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасын оқып отырып, еңіреп жылайсыз. Бибігүл Иманғазинаның «Тауқыметі» өмірдің ауыр сәттері арқылы мүмкіндігі шектеулі адамның қайсарлығын көрсетеді. Қадыр Мырза Әлінің «Иірімі» — философиялық ойларға толы, терең толғанысқа құрылған шығарма. Сонымен қатар
Бексұлтан Нұржекеевтің «Күтумен кешкен ғұмыр» романы тағдыр мен үміттің нәзік байланысын әсерлі жеткізеді. «Ойда жоқта ұшырасқан келіншек» бөлімін оқи отырып оқырман түрлі ойға шомылады.
Бұл кітаптардың әрқайсысы мазмұнға бай ерекшелігімен есімде қалды, мені терең толғанысқа түсірді. Сондықтан сіздерге де осы шығармаларды оқуға кеңес беремін. Кітап оқиық, достар!
Жұлдыз ҚОЖАБЕКОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.




