Табиғатты қорғау – ортақ міндет: Ақтөбеде экологиялық тәрбиеге бағытталған тағылымды шара өтті

Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектепте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Табиғатты қорғау – ортақ міндет» тақырыбында тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шараға 100-ге жуық оқушы мен мұғалім қатысты.
Танымдық әрі тәжірибелік форматта өткен іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыру, құстарды қорғау арқылы қоршаған ортаны аялау құндылықтарын дәріптеу және экологиялық жауапкершілікті арттыру.
Шара барысында оқушыларға құстардың экожүйедегі рөлі мен табиғат тепе-теңдігін сақтаудағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар қатысушылар табиғатты қорғау тақырыбында пікір алмасып, арнайы танымдық тапсырмаларға белсенді қатысты.
Іс-шараның ерекше бөлігінің бірі – оқушылардың ата-аналарымен бірлесіп дайындаған құс ұяларын мектеп ауласына орнатуы болды. Бұл бастама балалардың табиғатқа деген қамқорлығын арттырып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті нығайтуға ықпал етті.
Практикалық бөлімде мектеп ауласындағы құс түрлерімен танысу ұйымдастырылып, оқушылар олардың тіршілігі мен табиғаттағы маңызы жөнінде қосымша мағлұмат алды.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аркен Мұқамбетәзиұлы мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
– Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастырып, экологиялық мәдениетін арттыру. Құстарды қорғау арқылы біз өскелең ұрпаққа қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіреміз. Осындай тәрбиелік іс-шаралар балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, азаматтық ұстанымын нығайтады. Табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін жас буын санасына сіңіру – біздің басты міндетіміз, – деді ол.
Өз кезегінде 8-сынып оқушысы Алтынай Махамбетова да іс-шарадан алған әсерімен бөлісті.
– Құстарды қорғау арқылы табиғатты қорғаудың қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсіндім. Құс ұяларын орнату сияқты пайдалы іске қатысу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Осындай шаралар табиғатқа деген сүйіспеншілігімізді арттырып, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға үйретеді, – деді оқушы.
Мазмұнды өткен тәрбиелік іс-шара оқушылардың экологиялық сауатын арттырып, табиғатқа ұқыпты қарау дағдыларын қалыптастыруға бағытталды. Мұндай тағылымды бастамалар жас ұрпақтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтіп, экологиялық мәдениеттің дамуына серпін береді.




