Қазақстан арқылы жүк тасымалы көлемі артты — Ресей темір жолдары

АСТАНА. KAZINFORM — «Ресей темір жолдары» ААҚ басшысы Олег Белозеров Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол тасымалы және локомотивтерді пайдалану саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір білдірді.

 

«Ресей темір жолдары» ААҚ филиалы қызмет құнын 9,5%-ға арттырып, ҚҚС-ты есепке алғанда 845 261,76 теңгеге дейін көтерген
Фото: GOV.KZ

Оның айтуынша, Қазақстан аумағы арқылы өтетін екіжақты жүк тасымалы шамамен 6%-ға артқан. Сонымен бірге, жүк ағыны тек Қытай бағытына ғана емес, Орталық Азия елдеріне де бағытталып отыр.

Спикер тараптардың түйісу бекеттеріндегі тасымалды дамыту және құжат рәсімдеуді жеделдету мақсатында жыл сайын маңызды келісімдерге қол қоятынын атап өтті. Елдер арасындағы тұрақты әрі уақтылы логистика маңызды, сондай-ақ теміржол операторлары арасындағы тәжірибелік ынтымақтастық қажеттігі де ерекше.

О. Белозеров локомотивтерді сатып алу туралы сұраққа жауап беріп, Қазақстан әртүрлі өндірушілердің техникаларын, соның ішінде ресейлік локомотивтерді де пайдаланатынын жеткізді.

— Қазақстан локомотивтерді әртүрлі елдерден сатып алады. Соған сәйкес біздің ресейлік локомотивтер де Қазақстанда қолданылады. Бұдан бөлек, бізде шекарада локомотивтерді өзара алмастыру жөнінде келісім бар. Біз Қазақстан аумағына кіргенде, Қазақстан біздің аумаққа кіргенде, екі елге де ыңғайлы техниканы қолданған дұрыс, — деді ол.

Сондай-ақ, спикер мәселе бағада емес, техниканың модификациясы мен пайдалану ерекшеліктерінде екенін айтып, ресейлік локомотивтердің сенімділігі мен қызмет көрсетуге қолайлылығын атап өтті.

Айта кетейік, 27-29 мамыр күндері Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтіп жатыр. Мемлекеттер басшылары бұл сапарда Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алды.

Бұған дейін Ресейдің табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов Қазақстанға тарту етілген Амур жолбарыстарын жерсіндіру жөнінде пікір берген еді.

https://kaz.inform.kz/news/kazakstan-arkili-zhuk-tasimali-kolem-artti-resey-temr-zholdari-f8251c3c