Қауіпсіз болашаққа қадам

Пригород орта мектебінде «Балаларды қорғаймыз — болашақты қалыптастырамыз» атты интерактивті квест өтті. Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, киберқауіпсіздік пен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шараға 9-сыныптың 15 оқушысы қатысты.

Квест мемлекеттік рәміздер фойесінде басталды. Қатысушылар жеребе арқылы «Қауіпсіз аумақ» және «Болашақ векторы» атты екі командаға бөлініп, арнайы маршруттық парақпен бес станса бойынша тапсырмалар орындады.
Қатысушылар «Цифрлық қалқан» атты алғашқы стансада әлеуметтік желідегі жалған парақшаны талдап, жеке деректерді қорғау жолдарын үйренді. Ал «Құқықтық лабиринтте» кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері туралы миф пен шындықты ажыратып, заң аясындағы түрлі жағдайларды саралады.
Психолог кабинетінде өткен «Қолдау желісі» стансасында буллинг пен кибербуллинг мәселесі талқыланды. Оқушылар еліміздегі бірыңғай көмек қызметтері туралы мәлімет алды. Командалар «Өмір экологиясы» бөлімінде зиянды әдеттердің баламасын табуға арналған тапсырмаларды орындап, бақытты балалық шақты бейнелейтін мүсін жасады. Ал кітапханадағы «Болашақ сәулетшілер» атты шығармашылық стансада «Болашақтағы қауіпсіз үйдің» макетін құрастырды.
— Оқушыларға жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, киберқауіпсіздік жайлы сабақта айта бергеннен гөрі ойын арқылы түсіндіру қызықтырақ. Қазіргі таңда алаяқтықтың сан түрі бар. Адамдар өз құқығын білмегендіктен, түрлі жағдайға тап болады және өзін қорғай алмайды. Киберқауіпсіздік тақырыбына да ерекше назар аудардық. Себебі бүгінде кішкентай баладан бастап қарт адамға дейін ұялы телефонды пайдаланады. Олар телефонды дұрыс пайдаланбай алаяқтарға, сталкерлерге тап болуы мүмкін, — деді Пригород орта мектебінің әлеуметтік педагогы Сабира Нұрғалиқызы.
Квест соңында қатысушылар барлық стансадан жинаған негізгі сөздерді біріктіріп, ортақ манифест құрастырды. Оның негізгі мазмұны қауіпсіздік, жауапкершілік, қолдау, денсаулық және даму құндылықтарына негізделді. Шара соңында барлық қатысушыға Мақтау қағазы мен тәтті сыйлықтар табысталды.

Аружан СМАҒҰЛОВА.