Мемлекет басшысы: Таза Қазақстан тұжырымдамасының орындалуы, бұл — конституциялық міндет

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге қаратып, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы, бұл — конституциялық міндет екенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

— Тұтастай алғанда, қаланы тиімді негізде салып, жан-жақты дамыту керек. Барлық нысандар құрылыс саласындағы озық халықаралық талаптар мен ережелерге толық сай болуға тиіс. Жалпы, Alatau city тұжырымдамасының мақсаты — бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестициялық жобаларды іске қосу, жұртты жұмыспен қамту және заманауи инфрақұрылым салу. Қала төрт ауданға бөлінеді. Бой көтеретін ғимараттардың барлығы халықаралық іскерлік және инновациялық орталықтарға қойылатын талапқа сәйкес болуы керек. Қаланы абаттандыруға және жайлы қоғамдық орындар салуға ерекше назар аудару қажет. Осыған байланысты Үкіметке, әкімдерге тағы да айтарым: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы, бұл — конституциялық міндет. «Таза» деген сөздің мағынасы көпқырлы. Бұл — қалаларымызды тазалау, көгалдандыру, көркейту, абаттандыру деген сөз. Сонымен қатар бұл — ниетіміздің тазалығын сақтау, отаншылдығымызды паш ету деген сөз. «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысы Әділетті Қазақстанның болмысына, тіпті, оның тұтас идеологиясына айналуы керек, — деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы Алатау қаласының даму жоспарымен танысу барысында, Алатау қаласы ресурстарды оңтайлы, үнемдеп қолдануда үлгі болуға тиіс екенін айтты.




