Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі – қоғам сенімінің кепілі

Мемлекеттік қызметші – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қызмет ететін тұлға. Сондықтан олардың мәртебесін көтеру және қызметтік міндеттерін лайықты атқаруына қолайлы жағдай жасау ерекше маңызға ие.
Мемлекеттік қызмет жүйесінде кәсібилік, адалдық, ашықтық және қоғам алдындағы жауапкершілік қағидаттары басты орын алады. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға жол бермеу мәселелері әрдайым назарда ұсталады.
Қоғамда мемлекеттік қызметшілердің қызметіне құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Өйткені мемлекеттік қызметшіге қатысты негізсіз айыптаулар, ар-намысы мен іскерлік беделін түсіретін жалған ақпараттардың таралуы тек жекелеген қызметкерге ғана емес, жалпы мемлекеттік қызмет институтына деген қоғамдық сенімге де кері әсерін тигізуі мүмкін.
Мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу – құқықтық мемлекеттің және өркениетті қоғамның маңызды белгілерінің бірі. Әрбір азамат мемлекеттік қызметшінің заңмен қорғалатын құқықтары бар екенін түсініп, өзара қарым-қатынаста әдеп пен мәдениетті сақтауы қажет.
Қоғам мен мемлекеттік аппарат арасындағы өзара сенім мен құрметті нығайту арқылы ғана тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырып, еліміздің тұрақты дамуына қол жеткізуге болады. Мемлекеттік қызметтің беделі – мемлекеттің беделі.Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін арттыру, олардың құқықтарын қорғау және қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.
Мәртөк ауданы әкімі аппараты персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің (кадр қызметі) басшысы Д.Иманиязова




