Әдеп пен адалдық – мемлекеттік қызметтің басты қағидаты

Мемлекеттік қызмет – халықтың сеніміне негізделген жауапты сала. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметінде кәсібилікпен қатар жоғары адамгершілік қасиеттерді, әдеп нормаларын сақтап, заң талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс. Мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарының бірі – ашықтық, адалдық және қоғам алдындағы жауапкершілік.
Қызметтік әдеп нормаларын сақтау мемлекеттік қызметшінің күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады. Әдеп қағидаларын ұстану азаматтармен өзара қарым-қатынаста сыпайылық пен құрметті қалыптастырып қана қоймай, мемлекеттік органдарға деген халықтың сенімін арттыруға ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл да мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу, адал еңбек мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету.
Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, мемлекеттік органның ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында ақпараттық-түсіндіру бейнематериалдары тұрақты түрде жарияланып келеді. Бейнероликтерде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің негізгі талаптары, қызметтік мінез-құлық стандарттары, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шаралары және заң талаптарын сақтау мәселелері кеңінен түсіндіріледі.
Ақпараттық бейнематериалдарды орналастыру – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамда адалдық қағидаттарын дәріптеуге және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.
Әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметінде заң үстемдігін басшылыққа алып, халыққа сапалы қызмет көрсетуді басты міндеті ретінде қабылдауы тиіс. Өйткені адал қызмет – әділетті қоғамның берік негізі, ал мемлекеттік қызметшінің кәсіби әдебі – ел сенімінің кепілі.
Мәртөк ауданы әкімі аппараты персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің (кадр қызметі) басшысы Д.Иманиязова




