Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер Халық кеңесіне өтеді — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа конституциялық орган — Қазақстан Халық Кеңесінің атқаратын қызметтері жөнінде мәлімдеме жасады.

— Шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасады. Сол себепті, мен жаңа конституциялық орган — Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады. Халық Кеңесі — тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы, — деді Президент.
Оның сөзінше, бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады.
— Елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі — азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы. Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келді. Тек соңғы жылдары ғана саяси тәжірибемізге енді. 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті. Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек. Қазірдің өзінде елімізде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты тежемелік және теңгерім жүйесін қалыптастарды, мемлекеттік басқару сапасын арттырды деп сеніммен айта аламыз. Алайда реформалардың басты мақсаты — халықтың әл-ауқатын арттыру, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл үшін Үкімет, заң шығарушы орган, тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін ертең Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту басталатыны жөніндегі Тоқаевтың мәлімдемесін жариялағанбыз.




