Мәртөк ауданында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған тағылымды оқыту семинар-тренингі өтті.

Мәртөк ауданында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған тағылымды оқыту семинар-тренингі өтті.

Іс-шараға облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ақмарал Нұрмағамбетова қатысып, сайлау процесін сапалы ұйымдастырудағы кәсіби дайындықтың маңыздылығына тоқталды.

Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауды дайындау және өткізуге қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Сайлау құжаттарын рәсімдеу, сайлаушыларды ақпараттандыру, сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу тәртібі бойынша өзекті ақпараттар ұсынылды.

Дауыс беру күні туындайтын түрлі жағдайларға да ерекше назар аударылды. Қатысушылар байқаушылармен, кандидаттардың сенім білдірген адамдарымен және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібін тәжірибе жүзінде пысықтады.

Семинардың маңызды бағыттарының бірі — мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі болды. Сонымен қатар сайлау заңнамасындағы соңғы өзгерістер мен жаңашылдықтар, ақпараттық қауіпсіздік талаптары түсіндірілді.

Оқыту дәстүрлі дәріс форматымен шектелмей, интерактивті түрде ұйымдастырылды. Қатысушылар викторинаға қатысып, ситуациялық кейстерді шешті, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, практикалық тапсырмалар орындады.

Бағдарлама аясында психологиялық тренинг, қорытынды тестілеу және сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшылары арасындағы зияткерлік ойын да ұйымдастырылды.

Семинар соңында белсенділік танытып, оқыту барысында жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды.

№268, №278 және №283 учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары Марат Жамаладинов, Константин Бабоха және Виктор Мезенец электоралдық оқытуға белсенді қатысқаны үшін арнайы марапаттарға ие болды.

Осындай мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған оқыту семинарлары сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, сайлау процесінің ашықтығы мен сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.