Баршаға ортақ таңдау құқығы: Ақтөбеде сайлау учаскелерінің қолжетімділігі қамтамасыз етілген

Ақтөбе қаласында ерекше қажеттіліктері бар сайлаушылардың сайлау учаскелеріне кедергісіз келіп, дауыс беруіне мүмкіндік беретін барлық қажетті жағдай жасалған.
Сайлау учаскелерінің қолжетімді болуы — сайлауды ұйымдастырудың маңызды құрамдас бөлігі. Әрбір азамат өзінің физикалық мүмкіндігіне қарамастан, сайлау құқығын өз бетінше немесе қажетті көмек арқылы жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болуы тиіс.
«Мен үшін сайлау учаскесіне өзім келіп, дауыс беру мүмкіндігінің болғаны өте маңызды. Бұл учаскеде қолжетімділік талаптары жақсы ұйымдастырылған, кедергісіз кіріп-шығуға және өз таңдауымды жасауға барлық жағдай жасалған. Мұндай мүмкіндік ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың сайлауға толыққанды қатысуына жол ашады. Әр адамның өз таңдауын еркін жасауға мүмкіндігі болуы керек», — деді ҚР үшсайыстан спорт шебері, жеңіл атлетикадан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және Паралимпиада ойындарының Қазақстандағы төрт дүркін чемпионы Гүлмирам Сражова.
Кедергісіз ортаны қамтамасыз ету — тек қолайлылық мәселесі ғана емес. Ең алдымен, бұл әрбір азаматқа елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуға және өзгелермен тең дәрежеде өз таңдау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Анықтама үшін
Ақтөбе облысында 525 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Биыл Ақтөбе қаласында екі сайлау учаскесі қайта ашылды. Сайлаушылар тізіміне 578 019 азамат енгізілген.




