Ертегі кейіпкерлері де “таңдау жасады”

Ақтөбе қаласында Құрылтай сайлауы ерекше әрі көтеріңкі көңіл-күйде өтіп жатыр. Бірқатар сайлау учаскесінде таңдау жасауға балалардың сүйікті ертегі кейіпкерлері де келді.

Мәселен, №554 сайлау учаскесінде сайлаушыларды Губка Боб, Микки Маус және Смешарик кейіпкерлері қарсы алды. Түрлі-түсті костюм киген олар дауыс беріп қана қоймай, айналасындағыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

– Сайлау балабақшада өтіп жатқандықтан, біз де ерекше көңіл-күймен келдік. Балалардың сүйікті кейіпкерлері де сайлауға қатысып, таңдау жасауға келді! Балабақша болған соң, мұнда жай ғана келіп кетпей, өзімізбен бірге көтеріңкі көңіл-күй ала келуді жөн көрдік, – деді Микки Маустың костюмімен келген сайлаушы.

Ал №116 сайлау учаскесінде Тасбақа, Гринч, Жираф және Зебра костюмімен келген сайлаушылар таңдау жасады.

Ерекше образбен келген сайлаушылар өздерінің азаматтық таңдауының маңыздылығын атап өтті.

–Әрбір дауыс – ел болашағына деген жауапкершіліктің белгісі. Сондықтан бүгін мен де Құрылтай сайлауында өз дауысымды беруге келдім. Меніңше, маңызды сәтте отандастарымыз қапы қалмауы керек» – деді Тасбақа костюмімен келген сайлаушы.

–Құрылтайға ерекше костюммен келсем де, азаматтық ұстанымым айқын. Әр дауыс берекелі, таңдауымыз сәтті болсын! Ел болашағы үшін жасалған әрбір таңдау мәнді болып, ортақ мақсатымызға жол ашсын», – деді Зебра костюмімен келген сайлаушы.

Ерекше бастама сайлау күнінің сәнін келтіріп, жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ертегі кейіпкерлері бейнесіндегі сайлаушылар қандай образда болса да, азаматтық ұстанымның маңызы зор екенін және әрбір дауыстың ел болашағы үшін маңызды екенін көрсетті.