АРНАЙЫ АВТОКӨЛІККЕ ЖОЛ БЕР!


Ақтөбеде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен «Жол бер» республикалық профилактикалық акциясы басталды.
Аталған акция жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігіне, ең алдымен, арнайы көлік құралдарына уақытылы жол беруіне назар аударуға бағытталады. Іс-шараға №25 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері мен полиция өкілдері қатысты.
Құтқарушылар үшін әрбір секунд маңызды. Төтенше жағдай, өрт немесе басқа да қауіп туралы хабарлама түскен кезде арнайы бөлімшелер оқиға орнына барынша жылдам жетіп, қажетті көмек көрсетуі тиіс. Сондықтан «жарқылдауық маяктары» мен дыбыстық сигнал қосылған жедел қызмет көлігін көрген кезде жүргізуші оның кедергісіз өтуіне мүмкіндік беруге міндетті.
Акция барысында көлік жүргізушілері мен қала тұрғындарына түсіндірме жұмысы жүргізіліп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау жолдары айтылды. Сонымен қатар арнайы көліктің уақытылы өте алмауы қандай ауыр зардапқа әкелетіні жан-жақты түсіндірілді.
— Жүргізушілердің жауапкершілікті ұғынып, арнайы көлікке бірден жол беріп жатқаны қуантады. Бұл — жолдағы мәдениеттің біртіндеп жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерінің талабын елемейтін жағдайлар да жиі кездеседі. Арнайы көлікке жол беру — жай ғана ережені сақтау емес. Мүмкін дәл осы бірнеше секунд құтқарушылардың көмекке мұқтаж адамдарға тез жетуіне мүмкіндік беретін шығар.Сондықтан барлық жол қозғалысына қатысушыларға мұқият болып, жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар және әрдайым жедел қызмет көлігіне жол беріңіздер. Жолдағы қауіпсіздікті сақтау — түптеп келгенде, адамдардың өмірі мен денсаулығына араша түсетінін әсте естен шығармаңыздар! — деді мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жаңабек Шалғынбаев.
Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық іс-шараның алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Самал НҰРАЛИНА,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі.







