СҮРІНГЕНГЕ СҮЙЕУ

Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдарды жұмыспен қамту — маңызды міндеттердің бірі. Ақтөбедегі «Ramazan-Qus» құс фабрикасында жаңа жоба қолға алынды: жазасын өтеп жатқан 100 адамға жұмыс орны құрылып, жатақхана ашылды.
Аталған құс фабрикасының базасында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №9 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінің №1 учаскесі құрылды. Мұнда сотталғандар жұмыспен ғана емес, тұратын орынмен де қамтылып отыр.
Өндірістік учаскенің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыс прокуроры Марат Әбішев, облыстық ҚАЖ департаментінің бастығы Шаймерден Есенкелдиев, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, «Ramazan-Qus» ЖШС-ның бас директоры Тимур Есенжаров қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов өзінің сөзінде сотталғандарды еңбекпен қамтуда мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы бірлескен жұмыстың маңызын және іске асқан жаңа жоба соның бір нәтижесі екенін атап өтті.
— Бүгінгі маңызды әлеуметтік жоба Мемлекет басшысының сотталғандарды еңбекпен қамту көрсеткішін арттыру және оларды қоғамдық ортаға қайта бейімдеу бағытындағы тапсырмасы бойынша іске асырылып отыр. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, облыстық прокуратураның, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және «Ramazan-Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірлескен жұмыстары нәтижесінде мұнда еңбек етуге, күнделікті тұрмысқа қолайлы жағдайлар жасалған. Жазасын өтеп жатқан адамдар заманауи өндірісте еңбек етіп, жаңа кәсіпке машықтанады, тәжірибе жинақтайды және тұрақты табыспен қамтылады. «Ramazan-Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің осы іске қосқан үлесіне алғыс білдіреміз. Бұл — әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі. Мемлекет пен бизнестің арасындағы бірлескен жоба басқаларға үлгі болып, бұл іс одан әрі өрістейді деп сенемін, — деді Ғалымжан Елеуов.
Ал облыс прокуроры Марат Әбішев сотталғандарды еңбекпен қамту көрсеткішін арттыру бағытындағы жұмыстар жыл сайын жоспарлы түрде қолға алынатынын айтты:
— Іске асып отырған жоба — осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, алда тағы да маңызды жобалар қолға алынады, — деді ол.
Облыстық ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Қанат Алпысбаев журналистерге берген сұхбатында «Ramazan-Qus» ЖШС қаражаты есебінен салынған жатақхана ғимаратында барлық қолайлы жағдай жасалғанына тоқталды.
— Бұл ғимараттың жалпы ауданы — 560 шаршы метр. Күнделікті ас дайындайтын, ас ішетін, теледидар көріп, шахмат, басқа да ойындар ойнап демалатын бөлмелер, кір жуатын, жуынатын жері қарастырылған, жатын бөлмеге кереуеттер қойылған, яғни ішінде барлық жағдайы бар. Сотталғандарды еңбекпен қамту — оларды әлеуметтік өмірге қайта бейімдеу жолындағы басты қадам. Еңбек ете жүріп, олар жауапкершілікке, тәртіпке үйренеді, — деді Қанат Алпысбаев.
Журналистер де ғимаратты аралап көрді: расында, барлық жағдайы бар, іші таза, жөнделген, қабырғаларға қазақтың белгілі үш биі, Абай, басқа да тұлғалардың даналық сөздері де ілініпті.
Іс-шараның соңында өзара әріптестік жөніндегі бес жақты меморандумға қол қойылды. Құжатқа облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыс прокуроры Марат Әбішев, облыстық ҚАЖ департаментінің бастығы Шаймерден Есенкелдиев, «Ramazan-Qus» ЖШС-ның бас директоры Тимур Есенжаров және облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов қол қойды.
Бұл жоба болашақта аумақтағы басқа да кәсіпорындарға енгізілетін ілкімді үлгі ретінде қарастырылып отыр. Басты мақсат — жазасын өтеушілердің еңбек етіп, кәсіби машықтануына және мерзімін өтеп шыққаннан кейін жаңа өмірге тезірек бейімделуіне мүмкіндік жасау.
Айна САРЫБАЙ.







