Оқушыларға құқықтық бағдар берді

Д.Қонаев атындағы орта мектеп-гимназиясында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Заң мен тәртіп — қауіпсіз қоғамның негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға құқық қорғау саласының өкілдері, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты.
Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аркен Мұқамбетәзиевтің айтуынша, білім алушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері туралы түсініктерін кеңейту, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын түсіндіру және заңға деген құрметті арттыру мақсатында іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылады.
— Білім ордасында 4000-ға жуық оқушы білім алып жатыр. Оқушылардың қауіпсіздігін қадағалау мақсатында мектептің педагогикалық ұжымы құқықтық сауатты арттыруға бағытталған іс-шаралар легін бастап кетті. Қазір мектепте «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын насихаттауға бағытталған жобаларымыз бар. Мәселен, ер мұғалімдерден құралған тәртіп сақшылар тобы полиция қызметкерлерімен бірлескен рейд жұмыстарына қатысып тұрады. Сондай-ақ «Онлайн құқық мектебі» жобасы нәтижесін беруде. Бұл жоба YouTube желісі арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде танымдық ақпараттармен бөлісуге мүмкіндік береді. Бүгінде осы жобамыз арқылы республика көлемінде тәжірибе алмасып жатырмыз. Сондай-ақ құқықтық жауапкершілікке үндейтін марафон жобасы іске асырылмақ, — дейді ол.
Дөңгелек үстел барысында қалалық прокуратураның бөлім прокуроры Сұлтанбек Көптілеуов, облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесі бастығының орынбасары, полковник Берік Боранбаев, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Жәнібек Шағыров және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Айымгүл Тукешова, Алматы ауданы №3 қалалық полиция бөлімінің полиция капитаны Асылан Адаев сөз сөйлеп, заңды өкілдерді кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға атсалысуға шақырды.
— Жыл басынан бері зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты 3 400 хабарлама келіп түсті. Оның 378-і — қайталама шағымдар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Отбасында тіркелген дау-жанжалдар баланың психологиясына әсер етпей қоймайды. Сондықтан қолайсыз отбасыдан шыққан балалармен отбасын қолдау орталықтарының психолог мамандары тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілік мәселелері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 73-бабымен реттеледі. Күйеуімен ажырасқан әйелдердің уақытша тұруы үшін дағдарыс орталықтары жұмыс жасайды. Әйелдердің құқығын қорғау мақсатында түрлі акциялар ұйымдастырып, олардың дағдарыс орталықтарына орналастырылуын қадағалаймыз, — дейді полиция капитаны Айымгүл Тукешова.
Ұйымдастырушылар аталған іс-шараны өткізу арқылы білім алушылардың бойында құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік, отансүйгіштік, патриоттық сана және адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған жүйелі тәрбиелік жұмысты одан әрі жалғастыруды көздейді.







