Сарыжар ауылы тұрғындарының мәселелері тыңдалды

Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында «Әділет» партиясының
мобильді қоғамдық қабылдауы өтті. Іс-шара барысында ауыл тұрғындарының өзекті мәселелері тыңдалып, оларды шешу жолдары қарастырылды.
Қабылдауға партия филиалының төрағасы Ануар Искарин, аудандық мәслихат төрағасы Талғат Көлкебаев, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімдерінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Мансап» орталығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тұрғындар тұрғын үй кезегі, көшелерді жарықтандыру, интернет сапасы, жұмысқа орналасу, электр желілері, мал азығымен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді.
Мәселен, ауыл тұрғыны Динара Ерешова ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз қамқорлығына алғанын айтып, тұрғын үй мәселесін көтерді. Оған қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, мәселені зерделеу және тиісті көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізілетіні айтылды.
Ал 58 жастағы Амангелді Бисенбаев жұмысқа орналасу мәселесі бойынша көмек сұрап, қабылдау барысында «Мансап» орталығы арқылы Сарыжар ауылындағы №3 мектепке жолдама алды.
Қабылдау қорытындысы бойынша бірқатар мәселелер жауапты мекемелерге жолданып, ауыл көшелерін жарықтандыру, электр желілерінің қауіпсіздігі, сондай-ақ тұрғындарды мал азығымен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.




