Дамыған көлік логистикасы болмаса, күшті елдің өзі құрдымға кетеді – Мемлекет басшысы

 

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет логистика саласындағы жобалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

 

Қытай–Қазақстан логистикалық базасы құрылғалы 8 мыңнан астам пойыз қабылдады
Фото: Синьхуа

– Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі. Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылатынын айтты.

– Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады. Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Мемлекет басшысы ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатқанын айтқан еді.

https://kaz.inform.kz/news/damigan-kolk-logistikasi-bolmasa-kusht-eldn-oz-kurdimga-keted-memleket-basshisi-97c56a6a