«А» вирусты гепатит ауруының алдын алу туралы

«А» вирусты гепатит — «А» гепатиті вирусынан туындаған бауыр ауруы. Ауру тұрмыстық-қатынас жолмен және алиментарлық жолмен, яғни инфекцияланбаған адам ластанған тамақ өнімдерін немесе суды пайдаланған кезде жұғады. Бұл ауру нашар санитарлық жағдаймен, жеке гигиена ережелерін сақтамаумен тығыз байланысты.
«А» гепатиті вирусының ерекшелігі — ол қоршаған ортада тұрақты: бөлме температурасында бірнеше аптаға дейін, ал 4 ºC температурада бірнеше айға дейін сақталуы мүмкін.
Аурудың көзі — ауру адам. Гепатитпен көбінесе лас қолдар арқылы вирус жұқтыратын балалар ауырады. Сондықтан «А» гепатитті «Лас қол ауруы» деп атайды. «А» вирусты гепатитінің негізгі белгілері-әлсіздік, шаршағыштық, терінің және көз склераның сарғаюы, бас ауруы, бұлшықеттер мен буындардағы ауырсыну, жүрек айну, құсу, ұйқышылдық, дене температурасының 39°C дейін көтерілуі, қалтырау, тершендік, тәбеттің төмендеуі немесе болмауы.
Аурудың өзіндік профилактикасы — вакцинациялау. Бұл вакцинамен 2 жастағы балалар егіледі. «А» гепатитінің алдын-алу шаралары жеке бас гигиенаны сақтау қағидаларына негізделеді. Инфекцияны болдырмас үшін тамақтану алдында қолыңызды сабынмен мұқият жуып, жемістер мен көкөністерді сумен жуып, дұрыс термиялық өңдеуден өткен тағамдарды пайдалану, кепілденген ауыз суды пайдалану немесе қолданар алдында суды қайнату керек.

Шарафутдинова А.Б,
аудандық санитариялық –эпидемиологиялық
бақылау басқарма басшысы