АБЫЛАЙХАН – ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Қарашаның 25 күні Алматы қаласында «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ауыл жастарының әлеуетін көтеруді көздеген «Қазақстанның үздік ауыл жастары» Республикалық байқауы өтті.

 

Аталмыш іс-шараның мақсаты, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға деген қолдауының аясында, елімізге еңбегі сіңген ауыл жастарының жұмысын бағалай отырып, үздіктерді анықтау еді.  18-35 жас аралығындағы елдің түкпір-түкпіріндегі барлық ауылдық жерде еңбек етіп, қоғамдық өмірге белсене араласып, ауылды көркейтуге үлес қосып жүрген жастар қатысқан байқауда мәртөктік жастар да бақ пен бапты бәйгеге қосты.

Байқауда сынға түскен Дмитриевка жалпы негізгі білім беретін мектебінің жас маманы, Айдарбек Абылайхан Тұрсынбайұлы өзінің алғырлығымен үздіктер қатарынан көріне білді. Арнайы құжаттар рәсімдеп, жоба дайындап, комиссияның іріктеу кезеңінен өтіп, байқаудың қорытынды конференциясына шақырту алған Абылайхан Тұрсынбайұлы «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының арнайы тағайындаған «Қазақстанның үздік ауыл жастары» арнайы төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.

— 25 қараша күні Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы бойында орналасқан Esentai Mall сауда, ойын-сауық орталығында өткен «Қазақстанның үздік ауыл жастары» Республикалық байқауының жеңімпазы атанып, айнайы төс белгімен марапатталдым. Мемлекет басшысының ауыл жастарын ынталандыру, әр сала бойынша қызметтегі еңбегін бағалау мақсатындағы байқауға әрбір облыстың белсенді жастары бақтарын сынады. Басқада мамандармен пікір алмасып, өзіме көптеген тәжірибе жинадым. Байқау барасында жаңа таныстықтарда болды, — дейді ол.