Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі бірінші тоқсан қорытындысы бойынша үш есеге төмендеді

📌 Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте бірінші тоқсанның алдын ала қорытындылары қаралды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсу индексі 0,3%-ды құрады. Бұл өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда (0,9%) үш есе төмен.
Жалпы алғанда, бірінші тоқсанда баға өсімі 1,2% болды, бұл да 2025 жылдың осы кезеңіндегі деңгейден (3,8%) үш есе төмен. Бұл динамика баға өсімінің тұрақты баяулауын көрсетеді.
Кеңесте ресми статистика тұтыну бағалары индексін есептеудің халықаралық әдістемесіне сәйкес қалыптастырылатыны және 537 тауар мен қызмет түрін қамтитыны айтылды. Мониторинг бүкіл ел бойынша 12 мыңнан астам сауда нысанында жүргізіледі. Ішкі сауда жүйесінде шамамен 760 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, олардың 300 мыңнан астамы азық-түлік өнімдерін сатумен айналысады.
Бағаның негізгі төмендеуі көкөніс тобы бойынша тіркелді. Қырыққабат 1,9%-ға, қызанақ 2,6%-ға, пияз 10,9%-ға, қияр 22,6%-ға арзандады. Жыл басынан бері қияр бағасы 31,1%-ға төмендеді.




