Алты жыл ішінде еліміз бойынша 955 денсаулық сақтау нысаны салынды

Бурабайдағы Ұлттық Құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі медициналық инфрақұрылымды дамытуға қатысты маңызды бастамаларды көтерді. Ол Қазақстанның барлық аумағында медициналық мекемелердің ауқымды дамуын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы саясатының маңызды бөлігіне айналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында ағымдағы жылдың соңына дейін 188 жаңа медициналық нысан салу жоспарлануда. Бұл еліміздің барлық азаматтары үшін, әсіресе шалғай және ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етудегі маңызды қадам.
«Риддердегі көпсалалы аурухананы, Өскемендегі гематология орталығын, Ақтаудағы жедел жәрдем станциясын, Алматыдағы жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығын, Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың жаңа корпусын пайдалануға беру қажет. 2026 жылы 32 орталық аудандық аурухананы жаңғырту, сондай-ақ Қызылорда мен Маңғыстау облысындағы ауруханалардың құрылысын аяқтау жоспарланған. Белгіленген мерзімнен кешігуге жол берілмейді», — деді Президент.
Ақтөбе облысында денсаулық сақтауды дамыту бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарына 479 денсаулық сақтау ұйымы медициналық көмек көрсетеді. Соңғы алты жылда аймақта 55-ке жуық медициналық нысан пайдалануға берілді, оған дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және басқа да мекемелер кіреді. Бұл нысандар республикалық бюджеттен және жергілікті көздерден қаржыландыруды қоса алғанда, мемлекеттік және жеке секторлардың өзара іс-қимылының арқасында салынды.
Тәуелсіз Қазақстанда жеке жоба бойынша салынған алғашқы акушерлік стационар болған «Облыстық перинаталдық орталыққа» ерекше назар аудару қажет. Жаңа орталықта барлық заманауи технологиялар мен стандарттар ескерілген.