Ардақты ағайын!

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында Ақтөбе өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбында баспасөз конференциясын өткіздім. Атқарылған жұмыстардың бір парасын өздеріңіздің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.
Биылғы 10 айда өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды өсім көрсетті. Бұл — ортақ еңбектің, бірлесіп жасаған қадамдарымыздың нәтижесі.
Ақтөбе облысына 892 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіптік өндіріс индексі 101,3%-ға жетті. Жыл басынан бері құны 110 млрд теңгеден асатын ірі өндірістік нысандар іске қосылды, жыл соңына дейін тағы маңызды жобалар пайдалануға беріледі. «Ақтөбе» АЭА мен Хромтаудағы Индустриялық аймақ өңірдің инвестклиматын күшейтіп, жаңа өндірістердің ашылуына мүмкіндік берді.
Ауыл шаруашылығы — ел тірегі. Мал басы 7% өсіп, өнім көлемі 353 млрд теңгеге жетті. «Ауыл аманаты», «Кең дала–2» бағдарламалары ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, мыңдаған ауыл тұрғынына табыс есігін ашты.
Жол саласында да іс қарқынды. 2025 жылы 68 млрд теңге бөлініп, 565 шақырым жол пайдалануға берілді. Халықаралық «Самара–Шымкент», «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» бағыттарындағы ірі жобалар өңір тұрғындарының сапалы көлік қатынасын айтарлықтай жақсартады.
Тұрғын үй салу, газ, сумен жабдықтау жоспармен жүріп жатыр. 28 ауылға газ жеткізіліп, орталықтандырылған суға қосылған елдімекендер саны артуда.
Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында ауқымды жобалар іске асырылуда. Жаңа мектептер, медициналық нысандар, инклюзивті спорт кешені, заманауи стадион мен драма театры — Ақтөбе өңірінің келешегіне қызмет ететін рухани һәм әлеуметтік тіректер.
Мемлекет басшысының тиімді реформалары бұл жобаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ал біздің мақсатымыз – Алтын бесігімізді халқымызға жайлы, берекесі тасыған өңірге айналдыру. Бұл жолда сіздердің қолдауларыңыз бен бірлігіміз – ең үлкен күш. Осы орайда, өңірдің өркендеуіне қосып жүрген үлестері үшін жерлестеріме шынайы ризашылығымды білдіремін.
Ел аман, жұрт тыныш болғай!🇰🇿




