Аудан әкімі Медет Ысқақовтың Рамазан айымен құттықтауы

Құрметті жерлестер! Жақсылық пен берекет, кешірім мен мейірім және иман мен рахым айы – Рамазан құтты болсын! Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарханы рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз. Рамазан баршамызды бауырмалдыққа, кішіпейілдікке, кешірімді болуға, сүйіспеншілікке шақырады. Ораза қайырымды іс жасауға, жақын жандарға көмектесіп, мұқтаждарға қол ұшын беруге жігерлендіреді. Рамазан айының ізгілігі мен өнегесі молынан болғай! Әр отбасына бақыт пен береке, елімізге бірлік пен татулық тілеймін! Оразаларыңыз қабыл болсын!