АУЫЛҒА ГАЗ, КӨҢІЛГЕ ЖАЗ КЕЛДІ

Алтын бесік болып саналатын ауылдың жағдайы жыл сайын жақсаруда. Ауылдағы күл шығарып, көмір жағатын ағайынның машақаты азайып келеді. Ауданымыздың екі ауылына бір мезетте көгілдір отын — газ баруы соның жарқын көрінісі. Бұл — облысымыздың өңірлік бағдарламасына сәйкес елді мекендерді газдандыруға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстардың жалғасы.

Ауданымыздың Қаратаусай ауылының халқы үшін жұма күні ерекше қуаныш болды. 154 тұрғын үйі бар бұл ауылға да табиғи газ жетті. Осылайша ауылдағы 400-ден астам тұрғынға тамаша тарту жасалды. Олар енді көгілдір отынның игілігін көреді.

Ендігі жерде Қаратаусайдың бір әлеуметтік нысаны мен ауыл тұрғындары көптен күткен көгілдір отынның игілігін көретін болады. Осымен байланысты 3 қараша күні Қаратаусай елді мекенінде жеткізуші және ауылішілік газ құрылымы құрылысының тұсаукесер салтанаты өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Алмас Салықбаев, Ақтөбе облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев және аудандық газ шаруашылығының бастығы Рашид Айтқалиев қатысып, игілікті істің аяқталу сәтімен құттықтады.

Ауыл сыртындағы автоматты газ бөлу стансасының жұмысын ауыл ақсақалдары Алпамыс Қамыспаев пен Киекбай Урозов іске қосты.

Содан кейін аудан басшысы бастаған топ көгілдір отынның игілігін көріп бастаған Нұрғалиевтер отбасының үйіне барды. Үй иелері басшыларға алғыс жаудырып, ризашылық білдірді.

Бұл ауқымды жұмысқа мемлекет қазынасынан 2361,3 млн. теңге қаржы жұмсалған. Газ құбырының ұзындығы — 38,9 шақырым. Ауыл әкімі Рүстем Ерімбетовтың айтуынша, бүгінгі күні 94 үй көгілдір отынға қосылуға толықтай дайын. Ауылға газ желісін тартып, оны үйлерге дейін қосу, монтаждық жұмыстар 6 айға жуық уақыт ішінде аяқталған.

Сания Янцен, ардагер ұстаз: Бүгінгі күн қаратаусайлықтар үшін есте қалар жаңалығымен келіп отыр. Көгілдір отынға қол жеткіздік. Енді ауылдың тұрмысы көп жеңілдейді. Бұл көптен күткен қуанышты жағдай, көп жылғы арманымыз. Бүкіл халық риза. Бұдан артық қандай қуаныш бар. Осындай игі істеріміз алда да жалғаса берсін.