Биылғы алты айда елдегі қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді – Бас прокурор

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жаңа Конституция қабылданғаннан кейін жүргізіліп жатқан ауқымды құқықтық реформа жағдайында құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілдері де өзгеріп жатыр.

 

Берик Асылов Берік Асылов
Фото: Kazinform

Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

-Бүгінде жасалған қылмысқа ден қою жеткіліксіз. Біздің ортақ міндетіміз – қауіп-қатердің алдын алу, құқық бұзушылықтардың себептерін жою және азаматтардың құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз ету. Дәл осы мақсатта біз Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығын құрдық. Ол – қылмыстың салдарымен күресуден оны ерте кезеңде ескертуге көшудің негізгі құралдарының бірі,-деп жазды Бас прокурор.

Оның айтуынша, орталық тәулік бойы криминогендік ахуалды талдайды, ықтимал қауіптер мен осал аймақтарды анықтайды, тәуекелдерді болжайды және олардың алдын алу бойынша нақты шаралар әзірлейді. Жұмыстың жеке бағыты – қылмыстық қатерлердің жаңа түрлері мен тәсілдерін анықтау мақсатында шетелдік контентке мониторинг жүргізу. Ең бастысы – бұл талдау жергілікті жерлерде нақты шешімдер қабылдауға негіз болады. Мәселен, Ішкі істер министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларды қолдану арқылы азаматтарға қылмыстық қол сұғу ықтималдығы жоғары 360-тан астам қауіпті локация анықталды. Бұл жерлерде полицияның патрульдеуі күшейтіліп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі және 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Мұндай тәсіл өз нәтижесін беріп отыр.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елдегі қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді. Адам өлтіру, қарақшылық, тонау, қорқытып алушылық, ұрлық және көшелерде жасалатын қылмыстар азайды. Есірткі қылмысына қарсы жүйелі әрі белсенді жұмыс жалғасуда. «Кибернадзор» жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мың материалды, оның ішінде 6 мыңнан астам есірткі дүкенін бұғаттады. Прокуратура мен полиция органдарының тиімді өзара іс-қимылы нәтижесінде 464 мыңнан астам дропперлік шот бұғатталып, 2,6 млрд теңгеден астам есірткіден түскен кіріске тыйым салынды.

Соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу үрдісін өзгертуге қол жеткізілді – олардың саны 9%-ға төмендеді. Құқық қорғау органдары мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен күш-жігерімен миллионнан астам күдікті қоңырау тоқтатылып, шетелде орналасқан 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленді. Мәселен, елордада прокуратураның бастамасымен осы байланыс операторының базасында құрылған Антиколл-орталық алаяқтардың қоңырауын 76 жастағы әйел оларға 21 млн теңге беруге дайындалып жатқан сәтте тоқтатты. Нәтижесінде қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы арқылы 2,9 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық транзакциялар бұғатталды.

-Осы сандардың артында нақты нәтиже – азаматтардың қорғалған өмірі, денсаулығы мен мүлкі тұр. Біздің мақсатымыз – қауіптің қылмысқа айналуын күтпей, оны алдын ала анықтау, себептерін жою және салдарының алдын алу. Конституциялық «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру дегеніміз – осы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға дәл осындай міндет қойып отыр,-деді Берік Асылов.

Осыған дейін прокуратураның балалардың құқықтарын қорғауға арналған «Саналы ұрпақ» цифрлық жобасыніске қосқанын хабарладық.