Бүгін «AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мен депутаттық фракция мүшелері Жол картасы аясында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарына мониторинг жұмыстарын жүргізді.

 

Жұмыс тобының құрамында Мәртөк аудандық мәслихатының төрағасы Талғат Көлкебаев болды.

«AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ануар Искарин бастаған жұмыс тобы алдымен аудан орталығында бой көтеріп жатқан өрт сөндіру депосының құрылыс барысымен танысты. Қазіргі таңда нысанның құрылысы аяқталу сатысында. «Бөбек құрылыс» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, өрт сөндіру депосын 2026 жылдың қаңтар айында пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде ғимаратта ішкі әрлеу және инженерлік-коммуникациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Одан кейін жұмыс тобы Кенсахара ауылында салынып жатқан 100 орындық мектептің құрылыс нысанын аралады. Қазіргі уақытта жаңа мектеп ғимаратына жылу жүйесін тарту жұмыстары басталған. Жылу толық қосылған соң ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Мониторинг барысында комиссия мүшелері мектеп ғимаратының қаланған қабырғаларынан бірқатар кемшіліктерді анықтады. Осыған байланысты мердігер ұйым өкілдеріне анықталған олқылықтарды дер кезінде жойып, құрылыс сапасына қойылатын талаптарды қатаң сақтауды ескертті. Аталған мәселе бойынша партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысы өткізіліп, тиісті қаулы қабылданды.